Қарағанды облысында полицейлер, психологтар мен еріктілер жастармен кездесіп, синтетикалық есірткіден бастап буллинг пен электронды темекілерге дейінгі өткір мәселелерді талқылады. Өңірдің колледждерінде «Заң және тәртіп» жобасы аясында бірқатар профилактикалық іс-шаралар өтті.
Бұл бастамалар облыстық полиция департаментінің, Қарағанды қаласының Жастар ресурстық орталығы мен өзге де ұйымдардың қолдауымен жүзеге асырылды.
Қарағанды техникалық-құрылыс колледжінде «Жастар арасындағы жаңа түрдегі есірткілер және нашақорлық проблемасы» атты кездесу өтті. Полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі, полиция подполковнигі Бақытжан Мұстафаев есірткі таратушылар әлеуметтік желілер мен мессенджерлерді белсенді пайдаланып, синтетикалық заттарды заңды тауар түрінде жасыратынын айтты. Студенттер көптеген сұрақ қойды: досының тәуелді екенін қалай тануға болады, «жеңіл» заттарды ұсынғанда не істеу қажет, тәуелді болған адамға қалай көмектесуге болады.
– Бүгін біз студенттерге маңызды ойды жеткізуге тырыстық: нашақорлық – тек денсаулыққа қауіп емес, ол өмір бойы әсер ететін ауыр құқықтық салдарға әкеледі. Тіпті есірткіні бір рет қолданудың өзі әкімшілік жауапкершілікке әкелсе, сақтау немесе тарату қылмыстық жауапкершілікке тартылуға себеп болады, – деді Бақытжан Мұстафаев. – Қуантатыны, студенттер белсенділік пен қызығушылық танытты.
Ал Қарағанды тамақтану және сервис колледжінде буллинг мәселесі талқыланды. Іс-шара «Стоп, буллинг: құрмет, қолдау, сенім» ұранымен өтті. Студенттер рөлдік ойындарға және пікірталастарға қатысып, психологиялық қысым мен кибербуллингке қатысты нақты жағдайларды талдауды үйренді.
— Буллинг – жай ғана ренжітетін сөздер мен әрекеттер емес, ол адамның жан дүниесінде терең із қалдыруы мүмкін психологиялық қысым. Біздің мақсатымыз – жастарға әрқашан жол барын, әрқашан қолдау болатынын көрсету, – деп атап өтті Жастар ресурстық орталығының психологы Әлия Асқамбаева.
Сериялы кездесулер Шахтинск қаласында өткен «Вейпті тапсыр – денсаулықты таңда!» акциясымен аяқталды. Оны қалалық прокуратура мен еріктілер ұйымдастырды. Тұрғындарға электронды темекілер мен никотин қосылған сұйықтықтарды символикалық сыйлықтар, салауатты өмір салты туралы буклеттер және спорттық іс-шараларға шақыру билеттері үшін тапсыру ұсынылды.
Нәтижесінде ондаған құрылғы жиналды, ал акцияға қатысқан көптеген азамат спорттық секцияларға жазылды.