Өткен демалыс күндері Саран қаласындағы стадион үлкен ойын алаңына айналды: алаңға бір мезгілде Қарағанды облысының үшінші және төртінші сыныптарында оқитын 400-ден астам оқушы шықты. Мұнда Freedom ALGA! атты балалар спорт фестивалі өтті. Бұл шара футбол мен оқытуды ұштастыратын жаңа жобаның бастамасы болды.
Стадион балалардың күлкісі мен жанкүйерлердің қошеметіне толды. Дәстүрлі жаттығулар мен сабақтардың орнына флешмобтар, эстафеталар мен командалық тапсырмалар өтті.
Балалар әр түрлі станциялардан өтіп, түрлі жаттығуларды орындап, бір-бірімен қарым-қатынас құруды, командамен жұмыс істеуді үйренді.
Фестивальдің ашылуында облыс әкімінің орынбасары Әлібек Әлденей сөз сөйлеп, бұл жобаның тек бастама екенін атап өтті.
– Бүгінгі фестиваль – өңіріміздің үлкен жетістіктерге бастар жолының алғашқы қадамы. Қарағанды қаласында футбол академиясының құрылысы басталып кетті. Онда жабық манеж, ашық алаң және спорт интернат болады. Сонымен қатар, 100 мектептің спорт алаңдары қалпына келтіріледі. Бүгінгі қатысушылардың арасында болашақ чемпиондар бар екеніне сенімдімін. Олар Қарағандыны да, Қазақстанды да даңққа бөлейді, – деді ол.
Freedom Football Group президенті Рохус Шох қатысушылар алдында, және олар Қазақстанда жаңа бағдарлама бойынша білім алатын алғашқы оқушылар екенін айтты:
– Мүмкін бәріңіз кәсіби спортшы болмассыздар, бірақ футбол әрдайым жүректеріңізде сақталады. Ол сіздерге денсаулық, эмоция және қуаныш сыйласын! – деді Рохус Шох.
Фестивальдің соңында қатысушылар марапатталып,
The Adresov тобының қатысуымен концерт өтті.
Бұл фестиваль — Қарағанды облысында өңір басшысы Ермағанбет Бөлекпаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан ALGA! жобасының бір бөлігі. Жоба облыстық футбол қауымдастығы, білім басқармасы, дене шынықтыру және спорт басқармасы және бас серіктес — Freedom Holding Corp.-пен бірлесе жүзеге асырылуда.
Бастама аясында бастауыш сыныптарда үшінші дене шынықтыру сабағы футболмен алмастырылды, ал жоғары сынып оқушылары үшін қосымша секциялар ашылды.
Мектептер қажетті спорт құрал-жабдықтарымен қамтамасыз етіліп, мұғалімдер арнайы оқудан өтті. Биыл бағдарламаға өңірдің 10 мектебі қатысуда, ал 2029 жылға дейін бұл сан 100-ден астам мектепке жетіп, 40 мыңнан астам баланы қамтиды деп күтілуде.