Он екі жастағы қарағандылық әлем кубогында дрон-рейсингтен жүлдегер атанған алғашқы қазақстандық болды

Он екі жастағы қарағандылық әлем кубогында дрон-рейсингтен жүлдегер атанған алғашқы қазақстандық болды

Қарағандылық Тимофей Муравьёв дрон-рейсингтен әлем кубогында жүлделі орын алған Қазақстан тарихындағы алғашқы пилот атанды. Бұл жарысқа Түркия, Қытай, Қазақстан, Франция, Латвия, Чехия, Болгария, Ұлыбритания, Польша, Грузия және Ресейден келген 60-тан астам үздік дрон-рейсер қатысты. Ауқымды сайыс Ыстамбұл қаласында өтті.

Тимофей Муравьёв 18 жасқа дейінгі ұшқыштар жарысатын Junior санатында бақ сынады. Бұл санатта Франция, Қытай, Қазақстан және Ресейден келген шамамен 40 қатысушы жарысты.

– Қарсыластар өте мықты болды. Тимофей ұшқан топта тек чемпиондар жиналған. Мысалы, биыл Сербияда өткен әлем кубогының жеңімпазы – Қытайлық Siqing Wang, Францияның Junior санатындағы чемпионы Tristan Goin, Ресейдің командалық және жеке біріншілігінің жеңімпазы Кирилл Любань – бәрі осы топта болды. Бірақ сол қиын топтан Тима бірінші келді, – деді жас ұшқыштың әкесі Сергей Муравьёв.

Барлық кезеңдердің қорытындысы бойынша Тимофей Junior санатында үшінші орын иеленді. Жалпы рейтингте қарағандылық спортшы бесінші орынға тұрақтады.

Қазір Тимофей ең ірі отандық дрон-рейсинг жарысына – «Аспан-фест» фестиваліне дайындалуда. Ол 11–12 қазан күндері Астанада өтеді. Сонымен қатар, қазанда Тимофей Мәскеуде өтетін халықаралық жарысқа қатысуды жоспарлап отыр.