
Қарағандыда көпбалалы аналарды және ерекше қажеттіліктері бар балалардың аналарын қолдауға бағытталған әлеуметтік жоба іске қосылмақ. Қатысушыларға компьютерлік сауаттылық негіздері, жасанды интеллектпен жұмыс істеу үйретіледі, сонымен қатар жеке даму дағдылары мен балаларды тәрбиелеудегі қиындықтарды жеңу жолдарына көмек көрсетіледі.
Ерекше курс авторлары – SANA жобасының негізін қалаушы Гүлия Жәңгірова және digital-маркетолог, QIYAL жобасының авторы Асемнұр Бижанова.
Курс бағдарламасына құжаттар, кестелер және презентациялар жасауға арналған сабақтар енгізілген. Zoom, Google Meet платформаларында жұмыс істеу, сондай-ақ ChatGPT-ді жұмыс пен жеке мақсаттарда пайдалану да қарастырылған. Қатысушыларға киберқауіпсіздік, медиасауаттылық және онлайн-банкингпен жұмыс істеу тақырыптарында дәрістер де оқылады.
– Мен әрқашан ерекше балалары бар аналарға және көпбалалы аналарға көмектесіп келдім. Бұрын бұл материалдық көмек – азық-түлік себеттері, мектеп киімі болатын. Бірақ бір күні мен оларға балық бермей, қармақ берейін деп шештім де, осындай курс құрдым. Бұл тек компьютерлік сауаттылық курстары емес, бұл балаларды тәрбиелеу жөніндегі мамандармен сұхбаттар, жеке даму мәселелеріне коучингтік тәсіл. Қазірге дейін курстан 300 әйел өтті, олардың арасында кейін жақсы жұмыс тауып, қаржылық жағдайын едәуір жақсартқандар көп, – деді Гүлия Жәңгірова.
Тегін курс бір аптаға созылады, 20-нан 27 қыркүйекке дейін. Сабақтар онлайн форматта өткізіліп, әрқайсысы бір жарым сағатқа созылады.
Қатысуға өтінімдерді мына телефондар арқылы беруге болады: +7-705-782-54-21 (Гүлия), +7-777-484-56-39 (Динара).