Республикалық әскери-спорттық «Алау» ойынының финалына еліміздің 20 өңірінен 180-нен астам жас патриот қатысты. Жарыс Қарағанды облысы Спасск кентінде Қорғаныс министрлігінің №36352 әскери бөлімінің базасында өтті. Екі күн бойы оқушылар тек дене дайындығы мен әскери білімдерін ғана емес, сонымен қатар командамен жұмыс істей білуін, төзімділігін және жеңіске деген жігерін көрсетті.
Ойын алты номинация бойынша өтті. Атап айтқанда, Ұлы Отан соғысына арналған патриоттық ән байқауы «Жүрек, ерлікке жанас», тарихи-өлкетану зерттеу жобасын қорғау, «Саптық дайындық және әндер», «АК-74 автоматын жинау және бөлшектеу» және спорттық нормативтер.
Қарағанды облысының намысын №91 жалпы білім беретін мектептің «Жас қырандар» командасы мен Н. Әбдіров атындағы мектептің «Жас ұлан» командасы қорғады. Жас қарағандылықтар бірнеше номинацияда жоғары нәтиже көрсетті. Мәселен, «Саптық дайындық және әндер» байқауында бірінші орынды Қарағанды қаласының «Жас Ұлан» командасы иеленсе, «АК-74 автоматын жинау және бөлшектеу» сайысында ең үздік нәтиже «Жас қырандар» командасының еншісіне тиді.
– Біздің команда жақсы дайындықпен келді, көңіл-күй де көтеріңкі болды. Дегенмен, мұндай ауқымды шараға алғаш рет қатысып отырғандықтан, сәл толқыдық. Ал қала мен облыс көлемінде үнемі көшбасшылар қатарында болатын. Қуантқаны – «АК-74 автоматын жинау және бөлшектеу» сайысында біздің жас сарбаздар ең үздік нәтиже көрсетті, – дейді №91 мектептегі алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі, Қарағанды облыстық әскери-патриоттық және спорттық клубтар федерациясының төрағасы Амангелді Хасенов. – Балалар қатысқандарына өте риза. Енді жіберген қателіктерімізді ескеріп, келесі жолы жеңіс біздікі боларына сенімдімін.
Жалпыкомандалық есепте жеңісті Түркістан облысының «Жас қыран» командасы иеленді. Екінші орынды Жетісу облысының «Құлагер» командасы, үшінші орынды Батыс Қазақстан облысының «Ақжайық сарбаздары» командасы қанжығалады.
Барлық жеңімпаздар мен жүлдегерлер дипломдар және қымбат бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Ойынның басты мақсаты – мектеп оқушыларын патриоттық рухта тәрбиелеу, өскелең ұрпақтың азаматтық жауапкершілігін, тәртібін және Отанға қызмет етуге дайындығын дамыту.