Қарағанды облысында «Ұлт қазынасы» жобасы іске қосылды. Ол талантты ауыл жастарына бизнес-стартаптарын да, шығармашылық жоспарларын да жүзеге асыруға көмектесуді мақсат етеді. Осы арқылы жоба табысқа жету тек ірі қалаларда ғана емес екенін көрсетуі тиіс.
«Ұлт қазынасы» жобасы туралы өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен брифингте айтылды. Жобаның идеясы Қарағанды облысының жастар саясаты мәселелері басқармасына тиесілі.
«Ұлт қазынасы» жобасы ауылда тұратын 14 пен 25 жас аралығындағы жастарға арналған. Қатысушыларды іріктеудің басты талабы – талант пен дамуға ұмтылыс. Бұл ретте қатысушының қай салада дарынды екені маңызды емес: бейнелеу өнері, би, музыка, ғылым болуы мүмкін. Сондай-ақ әлеуметтік және бизнес-стартап идеялары да құпталады.
Қатысушыларды түрлі салада табысқа жеткен менторлар іріктейді. Жоба басталғанда әр ментор бірнеше ауылға барып, үміткерлермен кездеседі. Солардың арасынан ең әлеуеттілерін таңдап алады. Әрбір менторға үш шәкірттен бекітіледі деп жоспарланған, бірақ егер қатысушылар саны көп болса, бес адамға дейін алуға рұқсат етіледі. Одан кейін менторлардың жастармен тікелей жұмысы басталады.
– Біз «Өз ісіңді қалай табуға және табысты болуға болады? Шеберлер тәжірибесі» тақырыбындағы оқыту іс-шараларына ерекше мән береміз. Мұнда жастар нақты өмірлік оқиғаларды естіп, қиындықтар мен жеңістер жайлы біледі, болашаққа жол көрсететін кеңестер мен құралдарға ие болады. Өйткені өз ісіңді табу – өзіңді табу. Ал табыс өз күшіне сеніп, арман жолында еңбек еткен адамға келеді. Біздің мақсатымыз – жастарға тек білім мен тәжірибе беріп қана қоймай, оларға сенім ұялату, – деді жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Айсұлу Ерниязова.
Жоба шарттары бойынша менторлар шәкірттеріне кеңес беріп, жеке үлгісімен, білімімен көмектесе алады. Тек бір нәрсеге – қатысушыларға тікелей қаржылай қолдау көрсетуге тыйым салынған. Менторлардың өздері де мақсат – еңбексүйгіштік пен табандылықты ынталандыру екенін, дайынға үйреніп алатын масылдықтан аулақ болу екенін атап өтуде.
– Менің шәкірттерімнің арасында екі жас фермер бар. Соның бірі шаруашылығын енді ғана бастап жатыр. Қазір онымен жұмыс істеп жүрмін. Алдағы қадамдарын қалай жасау керегін айтып, бағыт көрсетіп отырмын. Ол жеке кәсіпкерлік ашып, кейін шаруашылық құрып, жұмыс орындарын жасайды, шаруашылығына өзі секілді жастарды тартады. Ең маңыздысы – жастарды дұрыс бағытқа бұру деп есептеймін. Жастар өз ауылында да табысты болуға болатынын түсінгені маңызды. Мұны мен ауылдық жерде өскен адам ретінде айтып отырмын, – деді жоба менторы, AMANAT партиясының Бұқар жырау аудандық филиалының төрайымы, аудандық мәслихат депутаты Анар Бозаева.
Жоба биылғы жылдың желтоқсан айында аяқталады. Қорытындысы saryarqa-jastary платформасында дауыс беру арқылы шығарылады. Дауыс беру нәтижесінде ең белсенді қатысушылар «Ұлт үміті» мүсіншелерімен, ал үздік менторлар «Ұлт мақтанышы» мүсіншелерімен марапатталады.
Жобаға қатысу үшін жастар тұрғылықты жері бойынша Жастар ресурстық орталығының филиалына жүгініп, белгіленген уақытта ментормен кездесуге келуі қажет.