Қарағанды облысында үздік жас айтыскерлер анықталды

Қарағанды облысында үздік жас айтыскерлер анықталды

Қарағандыда өткен «Жыр алыбы – Жамбыл» жас ақындар айтысының облыстық кезеңінде жеңімпаздар белгілі болды. Олар енді өңір намысын республикалық сайыста қорғайды. Байқау жалпы білім беретін мектептердің 7–11 (12) сынып оқушылары арасында ұйымдастырылды.

Айтыс екі номинация бойынша өтті. Қазылар алқасының құрамында белгілі ақын Дидар Қамиев, Нұрмұхамед Байсүгіров және журналист Аяулым Совет болды.

«Тақырыптық айтыс» номинациясында бірінші орынды Теміртаудағы «Озат» мамандандырылған мектеп-лицейінің оқушысы Раушан Тоқтоомұрат иеленді. Екінші орынға Нұра ауданындағы М. Дулатұлы атындағы мектептің шәкірті Досжан Толықбаев пен Балқаш қаласындағы Абай атындағы лицейдің оқушысы Айдын Жарылқасын лайық деп танылды.

9-сыныпта оқитын Айдын бірден үш қарсыласпен сөз сайысына шықты. Әсіресе, көрермендер оның сахнаға «Алтын домбыра – 2023» жеңімпазы, республикалық айтыстың бас жүлдегері Мақсат Ақановтың шапанының үлгісімен тігілген киіммен шығуын ерекше ықыласпен қабылдады.

— Біз жиі Мақсаттың айтыстарын тыңдаймыз, ұлым одан шабыт алады. Ол да ақын болуды армандайды, — дейді Айдынның анасы.

Жас ақын қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Салтанат Имұхаметованың жетекшілігімен шығармашылық тұрғыда қарқынды дамып келеді.

— Оны 5-сыныптан бастап оқытып келемін. Алғашқы күннен өлең шығаруға қызығушылығын байқадым. Биыл наурыз айында оқушылар арасындағы қалалық айтыста бас жүлдені жеңіп алды. Айдынның үні қалыптасып қалды, ол домбырада жақсы ойнайды, өлеңді де шебер жазады, — дейді ұстазы.

Үшінші орын Приозерск қаласындағы №1 орта мектептің оқушысы Нұрай Панабековаға бұйырды. Ал «Қайым айтыс» номинациясында жеңімпаз атанған — Теміртаудағы «Озат» мамандандырылған мектептің оқушысы Қуаныш Төлепберген.

Барлық жүлдегерлер I, II және III дәрежелі дипломдармен, ал олардың ұстаздары алғыс хаттармен марапатталды. Бірінші орын иегерлері айдың соңында Алматы облысы Жамбыл ауданы Ұзынағаш ауылында өтетін республикалық кезеңге жолдама алды.

Фото: Айдын Жарылқасынның жеке мұрағатынан