
Қарағанды облысында күзгі-қысқы аңшылық маусымы ресми түрде 1 қыркүйекте ашылып, ақпан айының ортасына дейін жалғасады. Алайда әрбір жануар мен құс түріне аңшылық әртүрлі уақытта басталатынын есте сақтау қажет. Бұл мерзімдерді облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы бекіткен. Мамандардың айтуынша, аңшылық – тек әуесқойлық қана емес, қатаң ережелері мен шектеулері бар сала. Оларды бұлжытпай сақтау міндетті. Құқық бұзушыларға әкімшілік әрі қылмыстық жауапкершілік қарастырылған.
Қолданыстағы ережелерге сәйкес, қазіргі уақытта құстарға аңшылық рұқсат етілген:
30 қарашаға дейін – балшықшы, жылқышы, шіл, бөдене, көгершін, кекілік;
15 желтоқсанға дейін – суқұзғын, қаз (ҚР Қызыл кітабына енген түрлерінен басқа), қырғауыл.
Жануарларға келсек:
қабанға – 1 қыркүйектен 31 желтоқсанға дейін;
борсыққа – солтүстік аймақта 15 қарашаға дейін, оңтүстік аймақта 15 желтоқсанға дейін;
суырларға – інге кіргенге дейін рұқсат етіледі.
Кейбір аңшылық маусымы кейінірек басталады:
ондатраға – 1 қазаннан 15 ақпанға дейін;
қарсақ, түлкі, ақкіс, дала күзен, америкалық қаракүзен, қоян (ақ қоян, шөл қояны) – 1 қарашадан 15 ақпанға дейін;
толай қояны – 1 қарашадан 31 қаңтарға дейін;
сібір елігін, маралды, бұланды аулау – аналықтары мен жас төлдеріне 15 қыркүйектен 31 желтоқсанға дейін, ал аталықтарына 15 шілдеден бастап рұқсат етілген;
қасқырға – 1 қарашадан 1 наурызға дейін.
Аңға мылтықпен шығу үшін толық құжаттар пакеті қажет: аңшы куәлігі, қаруды сақтау және алып жүру рұқсаты, аңшылық жүргізілетін шаруашылықтан алынған жолдама, сондай-ақ белгілі бір жануар немесе құс түрін атуға арнайы рұқсат.
Ережені бұзғандар 5 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл төлейді. Қағидаларды сақтау өңірдің табиғи ресурстарын қорғап, жағымсыз салдардың алдын алуға мүмкіндік береді.