Қарағанды облысының Қарқаралы ауданында Күйректікөл деген ірі сирек кездесетін жер металдарының кен орны орналасқан. Іздеу-қазба жұмыстары жақында аяқталды – болжамдық қор көлемі 28 млн тонна деп бағаланып отыр. Бұл алаңды игеру Қазақстандағы пайдалы қазбаларды пайдалану саласының дамуына жаңа серпін беруі мүмкін.
– Аймақтың кен байлығын ескере отырып, шетелдік компаниялар барлау жұмыстарын жүргізуде. Бұл минералды-шикізат базасын кеңейтіп, сирек кездесетін және қымбат металдарды қайта өңдеуге арналған жаңа өндірістерді салуға мүмкіндік береді. Мысалы, Күйректікөл кен орнында геологиялық барлау жұмыстары аяқталды. Сирек кездесетін жер металдарының болжамдық қоры – 28,2 млн тонна. Алтын, мыс және вольфрамның әлеуеті зор кен орындары анықталды, – деді облыс әкімінің орынбасары Әлібек Әлденей өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте.
Оның айтуынша, жаңа зауыттар мен қажетті инфрақұрылымды салу үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр. Облыс әкімінің орынбасары өңірдің тау-кен және өңдеу өнеркәсібін дамыту бойынша ұзақ мерзімді әлеуеті бар екенін атап өтті.