Қарағанды облысының тұрғындары емхананы таңдау немесе ауыстыру мүмкіндігіне ие

Қарағанды облысының тұрғындары емхананы таңдау немесе ауыстыру мүмкіндігіне ие

Қарағанды облысында, еліміздің барлық өңірінде сияқты, 1 қыркүйектен бастап емханаларға тіркеу науқаны басталды. Азаматтарға алғашқы медициналық-санитарлық көмек ұйымын таңдау не ауыстыру үшін екі ай уақыт берілген – 1 қарашаға дейін. Осы мерзімде өтініш бергендер 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап таңдаған емханасынан қызмет ала бастайды. Бұл үшін медициналық ұйымның Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорымен келісімшарты болуы тиіс.

Денсаулық сақтау министрлігі емханаға тіркеле алатын азаматтар санатын түсіндірді:

Қазақстан Республикасының азаматтары;

Қазақстанда тұрақты тұратын шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдар (ықтиярхат болған жағдайда);

ЕАЭО елдерінен (Ресей, Беларусь, Қырғызстан, Армения) келген еңбек мигранттары және олардың отбасы мүшелері – ерікті немесе міндетті медициналық сақтандыру шарты болған жағдайда.

Өтінішті eGov.kz порталы арқылы онлайн беруге болады (қаралу мерзімі – бір жұмыс күні) немесе тікелей таңдалған емханаға жүгіну қажет. Бұрынғы емханадан тіркеуден шығару автоматты түрде жүзеге асырылады. Егер қазіргі медициналық ұйым сізді қанағаттандырса, өтінішті қайта берудің қажеті жоқ.

Мамандар емхананы үйге жақын (жаяу 15–20 минуттық қашықтықта) таңдауға кеңес береді. Бұл дәрігердің үйге шығу қызметін ұйымдастыру үшін маңызды. Жалпы тіркеу өз елді мекеніңіздің аумағында жүргізіледі. Сонымен қатар барлық отбасы мүшесінің бір учаскелік дәрігерге тіркелгені дұрыс – бұл медициналық қызметтің сапасын арттырады.

Тіркеуден бас тарту себептері мынадай болуы мүмкін:

- өтініште көрсетілген деректердің дұрыс болмауы;

- басқа елді мекенде тұру;

- емханадағы тіркелген пациенттер санының белгіленген шектен асып кетуі;

- баланы тіркеу үшін қажетті құжаттардың болмауы.

Бір учаскеге тіркелген тұрғындар санының нормативі:

- жалпы практика дәрігері – 1700 адамға дейін;

- учаскелік терапевт – 2200 ересекке дейін;

- учаскелік педиатр – 0–6 жас аралығындағы 500 балаға дейін немесе 0–14 жас аралығындағы 900 балаға дейін.

Сұрақтары бар азаматтар өз емханасындағы пациентті қолдау қызметіне немесе Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына жүгіне алады.

Қосымша ақпарат алу үшін мына қызметтер қолжетімді:

- msqory.kz сайты;

- Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы;

- Telegram-дағы SaqtandyryBot чат-боты.

Сондай-ақ бірыңғай байланыс орталығы 1414 нөмірі арқылы тәулік бойы қызмет көрсетеді.