Қарағанды облысының мектеп оқушылары мен колледж студенттері бизнес-идеялары үшін миллион теңге ұтып ала алады

Қарағанды облысының мектеп оқушылары мен колледж студенттері бизнес-идеялары үшін миллион теңге ұтып ала алады

Қарағанды облысында Кәсіпкерлер палатасының өңірлік кеңесі ұйымдастырған бизнес-идеялар байқауы басталды. Оған аймақтағы мектептер мен колледждердің 18 жасқа дейінгі оқушылары қатыса алады. Жұмыстар жеке де, топтық түрде де қабылданады — бір командада үш адамға дейін болуы мүмкін.

Байқаудың бағыттарына агроөнеркәсіптік кешен мен қайта өңдеу, ақпараттық технологиялар, жасанды интеллект пен робототехника, өңдеу өнеркәсібі, сондай-ақ бизнеске бағытталған экологиялық жобалар кіреді.

Бірінші кезеңде қатысушылар бизнес-идеяларының сипаттамасын онлайн форматта ұсынады. Комиссия ең әлеуетті жиырма жобаны іріктеп, олардың авторларын офлайн-қорғауға шақырады.

Екінші кезеңде қатысушыларды басты сынақ күтіп тұр. Мұнда бизнес-жоспарды сапалы құрып, оның экономикалық негіздемесін әзірлеумен қатар, өз идеясын сенімді түрде таныстыра білу де маңызды. Қазылар алқасы жобаның жүзеге асырылу мүмкіндігін, өзін-өзі ақтауын, бірегейлігін, сондай-ақ авторлардың жеке қабілеттерін бағалайды. Мұндай тәсіл өміршең бастамаларды анықтауға мүмкіндік береді.

Нәтижесінде әр бағыт бойынша төрт жеңімпазға өз идеяларын дамыту үшін бір миллион теңгеден беріледі. Бұл – ойды толыққанды іске айналдыруға мүмкіндік беретін нақты бастапқы капитал.

Ұйымдастырушылар байқау тек жарыс қана емес, білім беру алаңы ретінде де қарастырылғанын атап өтті. Қатысушылар бизнес-жоспармен жұмыс істеу тәжірибесін алып, өз жобаларын сарапшылар мен инвесторларға таныстырып, кәсіби мамандардан ұсыныстар мен бағалаулар алады.

Байқау қорытындысы 29 қазанда — Қазақстанда алғаш рет аталып өтетін Кәсіпкер күні жарияланады.

Қатысуға қажетті құжаттарды мына электронды поштаға жіберу керек: zh.bektursunova@gmail.com. Байланыс тұлғасы – Жанар Қайырғалиевна, 8 701 925 05 77.

Байқау туралы ереже мен толық ақпарат Қарағанды облысы Кәсіпкерлер палатасының Telegram-арнасында қолжетімді.

Жобаның басты мақсаты — оқушылар мен студенттерді аймақ экономикасында іске асырылуы мүмкін шешімдерді белсенді іздеуге ынталандыру. Бұл бастама Жұмысшы мамандықтар жылы аясында жүзеге асырылып, жастардың өз жобаларын ұсынып, кәсіпкерлікке қадам басуына қолдау көрсетуге бағытталған.