Бұқар жырау ауданының ауылдарында осы жазда «Ауыл – Ел бесігі» арнайы жобасы аясында ауылішілік жолдар қарқынды түрде жаңартылды. Жөндеу жұмыстары Атамекен, Жанаталап, Центральный және Ақтөбе ауылдарында толық аяқталды. Қазіргі кезде Көкпекті, Петровка, Новоузенка және Ақбелде жалғасуда.
Атамекен ауылында 1,74 шақырым жолға асфальт төселді. Жұмыстар толық аяқталды, асфальт сапасы зертханалық тексерістен өтті.
Жаңаталап ауылында 4,3 шақырым жол жөнделді. Бүгінде жұмыстар толық аяқталды. Зертхана қорытындысы асфальттың техникалық талаптарға сай екенін көрсетті.
Центральный ауылдық округі де назардан тыс қалмады. Мұнда 5,9 шақырым жол жаңартылды. Барлық жұмыстар қабылданды.
– Біз жасалған жұмыстарға өте ризамыз. Жол сапалы салынған, жүруге ыңғайлы болды. Енді кез келген ауа райында мектепке, ауруханаға және дүкенге еш қиындықсыз бара аламыз. Бұл – барлық ауыл тұрғындары үшін үлкен көмек, – дейді Центральный ауылының тұрғыны Людмила Убыкина.
Ақтөбе ауылында бес көше жолы жөнделді. Жұмыстар толық көлемде орындалып, сапасы зертханалық қорытындымен расталды.
– Ауылымызда жол жасалғанына қуаныштымын. Бұрын шаң-тозаңы шығып, ойық-ойық жолмен жүру қиын еді. Енді жүріп-тұруымыз әлдеқайда жеңілдеді. Ауылымыз да көркейіп қалды, – дейді жергілікті тұрғын Бауыржан Мұқышев.
Жалпы, биыл аудан бойынша 40,5 шақырым ауылішілік жол жөнделмек. Ал соңғы екі жылда «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында Бұқар жырау ауданының 15 ауылында жолдар жаңартылды.
Фото: Бұқар жырау ауданы әкімдігі