Қарағанды облысында қоғамдық қауіпсіздікке арналған дрон прототиптері жасалды

Қарағанды облысында қоғамдық қауіпсіздікке арналған дрон прототиптері жасалды

Қарағанды облысында үш түрлі ұшқышсыз ұшу аппаратының (дронның) прототипі әзірленді. Олардың көмегімен жол ережесін бұзу фактілерін тіркеуге, жоғалған адамдарды іздеуге, орман мен дала өрттерінің ошағын анықтауға және басқа да көптеген жұмыстарды атқаруға болады.

Дрондарды құрастыру Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жоғары деңгейде жергілікті өндіріс үлесі бар өндірісті дамыту жөніндегі тапсырмасы аясында қолға алынды.

Қарағандыда жасалған прототиптерді адамдар мен көліктерді іздеуде, кең аумақты бақылауда қолдануға болады. Бұл мақсатқа ең қолайлысы – алыс қашықтыққа ұшатын Vista-7 дроны. Ал Chimera-5 – шағын әрі жақын радиуста әрекет ететін дрон, ғимарат ішінде және қолжетімсіз жерлерде жұмыс істей алады. Оны үйінді астынан адамдарды іздеуде, сондай-ақ полицияның тәуекелі жоғары операцияларында пайдалануға тиімді. Үшінші үлгі – әмбебап көпмақсатты Apex-7 дроны. Ол көшелерді патрульдеуге, бұқаралық шараларды бақылауға, өрт қауіпсіздігін қадағалауға бейімделген.

Қарағандыда жасалған пилостыз ұшатын аппараттардың прототиптері – шетелдік электроника мен Қазақстанда өндірілген корпустарды тиімді үйлестірудің нәтижесі.

– Біз дрондарға арналған рамаларды шығарамыз. Оларға кез келген электрониканы орнатып, қажетті міндеттерді орындауға болады. Біздің рамалардың басты артықшылығы – олардың өзіндік құны төмен. Тағы бір ерекшелігі – рамаларды қолдану арқылы дрондарды «қайта пайдалануға» мүмкіндік туады. Мысалы, қазір Қазақстанда сатып алынатын дрондардың бағасы шамамен 12 миллион теңге. Ал біздің дрондар әлдеқайда арзан. Корпустарды 3D-принтерде басып шығарамыз. Егер дрон биіктен құлап, соғылып сынған күннің өзінде, 20 минут ішінде жаңа корпус басып шығарып, электрониканы соған орнатып әрі қарай қолдануға болады, – дейді «Перспектива» ғылыми-өндірістік бірлестігінің жобалар жетекшісі Максим Ким.

Ал рамаларды жасап, дрондарды Қазақстанда құрастырудың өзі олардың бағасын едәуір төмендетіп, қолжетімді етеді.

– Дрондарды қолдану экономикалық тұрғыдан да пайдалы. Мәселен, ұзын тас жолдарға камера орнату қымбатқа түседі. Ал бірнеше дронды ұшырып, аумақты патрульдеу және жылдамдық асыру сияқты бұзушылықтарға жедел әрекет ету әлдеқайда арзан. Мұнай құбырларын бақылауда да дрон тиімді. Белгілі бір аралықта дрондарды ұшыру арқылы заңсыз қосылу мен жанармай ұрлығының алдын алуға болады, – дейді Максим Ким.

Қазір кәсіпорын дрондарды жаппай өндіру мәселесін қарастырып жатыр.

Еске сала кетейік, «Перспектива» ғылыми-өндірістік бірлестігі «Аргус-жаяу жүргінші» атты автоматтандырылған бағдарламалық кешен әзірлеген болатын. Ол Қарағандыдағы адам көп жүретін қиылыстарға орнатылды. Арнайы камералар жүргізушілердің жаяу жүргіншілерді «зебрада» өткізбегенін тіркейді. Бір жыл ішінде бұл қиылыстарда бірде-бір жаяу жүргіншіні көлік қағу оқиғасы тіркелмеген. Енді «Аргус-жаяу жүргінші» жүйесін Қазақстанның басқа қалаларында орнату жоспарлануда.