Облыс әкімімен ашық диалог: Приозерск тұрғындары қаланың басты мәселелерін белгіледі

Облыс әкімімен ашық диалог: Приозерск тұрғындары қаланың басты мәселелерін белгіледі

Туризмді дамыту, көшелерді, гүлбақтар мен аулаларды абаттандыру, балабақша құрылысы, сондай-ақ денсаулық сақтау мәселелері Приозерск тұрғындарын толғандыруда. Олар осы және басқа да тақырыптарды Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаевпен кездесуде көтерді.

Кездесу ашық диалог форматында өтті: қатысушылардың әрқайсысы өздерін қызықтырған сұрақтарын қоя алды.

Қаланы дамытудың бір аспектісі – туристік инфрақұрылымды арттыру. Көлде демалушылар саны артып келеді, сондықтан жағалау аймағын дамыту және персоналды оқыту үшін көмек қажет.

– Бізде өңірде туризмді дамыту бойынша үлкен жоспарлар бар. Жаңа трасса демалушылардың келуіне ықпал етеді. Мұнда Алматыдан да, Астанадан да келеді. Біз кәсіпкерлерді қолдауға және туристердің жайлы демалуы үшін бірлесіп жағдай жасауға дайынбыз, – деп атап өтті Ермағанбет Бөлекпаев.

Кездесуде денсаулық сақтау саласын дамыту және медицина қызметкерлерін қолдау мәселелері қозғалды.

– Биыл бізге тар бейінді мамандықтар бойынша бес дәрігер келді. Біз оларды өте күттік және көптеген мәселелер бойынша Балқашқа немесе Қарағандыға барудың қажеті болмағанына қуаныштымыз. Жас мамандарды қолдап, оларға баспана беру мәселесін шешу керек, – деп ұсынды Приозерск тұрғындарының бірі.

– Медицина кадрларын қолдау үшін қолдан келгеннің бәрін жасау қажет. Дәрігерлер кетпеуі тиіс, – деді Ермағанбет Бөлекпаев. – Тапшы мамандықтардың шағын бейінді мамандары ретінде барлық жас дәрігерлер 8,5 млн теңгеге дейін көтерме жәрдемақы алды. Бұл қайтарымсыз ақша. Пәтерлер мәселесін де шешу керек, оның үстіне мұндай мүмкіндік бар.

Сондай-ақ, тұрғындар қаланы абаттандыру – жаңа қоғамдық кеңістіктер құру және қолда барларын қайта жаңарту мәселелерін көтерді. Сұрақтардың бірі қала көшелері мен саябақтарындағы қоқыс жәшіктерінің болуы мен аумақты тазалау болды.

– Әрине, қаланың тазалығы міндетті, жинау керек. Бірақ, көп нәрсе тұрғындарға байланысты. Сананы өзгерту, сауаттылықты арттыру керек. Президент Қазақстан бізден басталады дейді. Мектептен бастап, үйдегі, одан кейін қаладағы тәртіпті сақтау керек. «Таза Қазақстан» – бұл бір реттік акция емес, біздің ортақ жауапкершілігіміз. Біз барлығымыз таза және жайлы Приозерск қаласында өмір сүргіміз келеді, бұл әркімге байланысты. Өзіңіздің артыңыздан жинаңыз, қоқысты кез келген жерге тастамаңыз, жасалған істерді сақтаңыз! Тек бірге қаланы жайлы әрі әдемі ете аламыз.

Жаңа білім беру нысандарының құрылысы да көтерілді.

– Біздің қалада мектептер бар, бірақ олардың сыйымдылығы шектеулі: балалар екі ауысымда оқиды, – деді Приозерск қаласының тұрғыны. – Жалпы білім беру саласы туралы айтатын болсақ, бірінші орында балабақшалар тұр. Жаңа балабақша салуға мүмкіндік бар ма?

– ЖСҚ бар, құрылысқа конкурс жариялаймыз, – деді облыс әкімі.

Кездесуге қатысушылардың бірі – студенттердің анасы Приозерск пен Қарағандының арасында тікелей автобус қатынасы мәселесін көтерді. Бүгінгі таңда Қарағанды – Балқаш және Балқаш – Приозерск бағыттары бар. Аймақ басшысы бұл мәселені пысықтап, жолаушылар ағынын зерттеуді тапсырды.

– Егер сұраныс болса, бұл бағытты дамыту керек, – деді облыс әкімі.

Ермағанбет Бөлекпаев кездесудегі белсенділігі үшін көл маңындағы тұрғындарға алғыс айтып, барлық ұсыныстар ескеріліп, мүмкіндігінше қаралатынын атап өтті.

Кездесуден кейін облыс әкімі тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдады.