
Приозерск қаласында қыста сенімді жылумен қамтамасыз ету үшін қазандық жабдықтары жаңартылып, инженерлік инфрақұрылым жөнделуде.

Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев қалаға жұмыс сапары барысында жылу беру маусымына дайындықты тексерді.

Аймақ басшысы № 1 қазандықта болып, инфрақұрылым мен құрылыс нысандарын аралап көрді.

№ 1 қазандық – қаланы жылумен жабдықтаудың негізгі объектісі. 1974 жылы салынған. Ол жыл сайын 191 520 Гкал жылу өндіреді, бұл қаланы тұрақты жабдықтауға мүмкіндік береді.

Нысанда № 2 және 3 қазандықтар, жылу алмастырғыш, экономайзер, аккумуляторлық бак және ғимараттың шатыры жөнделуде.

Сондай-ақ оқшауланған жылу трассалары жаңартылады. Жоспарланған 2 шақырымның 1,7 шақырымы ауыстырылды. Ұзындығы 750 метр болатын тұрғын үйлердің құбырларында жұмыстар жүргізілуде. Су құбыры мен кәріз учаскесінің бір километрі ауыстырылуда.

– Қазір басты міндеттердің бірі – жылыту маусымына дайындық. Барлық жұмыстар сапалы және мерзімінде орындалуы тиіс, тұрғындар осы маусымда өз нәтижелерін сезінуі тиіс, – деп атап өтті өңір басшысы.

Ермағанбет Бөлекпаев басқа да нысандармен танысты. Қалада 20 пәтерлі үй салынды.

Онда кезекте тұрғандар үшін пәтерлер сатып алынады.

Сондай-ақ облыс әкіміне дене шынықтыру-сауықтыру кешеніндегі жұмыстар туралы баяндалды.

Мердігер жұмыстарды аяқтап, техникалық қадағалаудың анықталған ескертулерін түзетеді. Содан кейін аумақты абаттандыру жұмыстары басталады.
