Балқаш тумасы «Жаңа толқын – 2025» байқауының жеңімпазы атанды

Балқаш тумасы «Жаңа толқын – 2025» байқауының жеңімпазы атанды

Александр Лим жас эстрада орындаушыларына арналған халықаралық «Жаңа толқын – 2025» музыкалық байқауында жеңіске жеткен алғашқы қазақстандық болды. Фестивальдің қола жүлдесін тағы бір отандасымыз — Ерназар Жұбан иеленді.

Александр Лим — Балқаш қаласының тумасы. Қазір ол Алматыда тұрады және шығармашылық жолын да осы қалада бастаған.

Алғашқыда ол мейрамханаларда ән орындап, кейін Instagram желісінде блог жүргізе бастаған. Парақшасына түрлі тілдердегі танымал әндердің кавер-нұсқаларын жүктеп жүріп, уақыт өте келе өз авторлық шығармаларын да жариялай бастады.

Әнші туралы алғаш рет 2018 жылы «I’m a singer Kazakhstan» жобасына қатысқаннан кейін айтыла бастады. Ол кезде Александр жартылай финалға дейін жеткен. 2021 жылы ол қайтадан телевизиялық жобаға қатысып, «Голос Украины» бағдарламасында Надежда Дорофееваның тәлімгерлігінде көзге түсті. Әнші нок-аут кезеңіне дейін өнер көрсетті.

«Жаңа толқын – 2025» байқауында Александр барлық кезеңнен сәтті өтіп, «Забывай», «Всё впереди» және «Я не забуду тебя» атты әндерді орындады. Оның өнер көрсетулерінен үзінділерді фестивальдің ресми @newwave_official Instagram парақшасынан көруге болады.

Өз жеңісі жайлы әнші әлеуметтік желідегі жеке парақшасында хабарлады. Жазылушылары оны жылы лебіздерімен құттықтап, жеңісіне еш күмән келтірмегендерін айтты.

Фестивальде үшінші орын алған тағы бір қазақстандық — Ерназар Жұбан.

Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі қос өнерпазды ресми сайтында арнайы құттықтады.