Бір ваучер – бір бала: Қарағанды облысында қосымша білім беруді қаржыландырудың жаңа тетігі енгізіледі

Бір ваучер – бір бала: Қарағанды облысында қосымша білім беруді қаржыландырудың жаңа тетігі енгізіледі

Қарағанды облысында 1 қыркүйектен бастап қосымша білім беруге бірыңғай мемлекеттік тапсырысты іске асыру жөніндегі пилоттық жоба басталады. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте хабарланды. Жоба облыстың барлық қала-аудандарын қамтиды.

Жаңа үлгі балаларға қосымша білім беруді қаржыландыруда ваучерлік жүйені қарастырады. Бұл тәсіл ашықтықты қамтамасыз етіп, әділдікті сақтайды және тиімсіз шығындарды болдырмайды.

– Басты мақсат – бюджет қаржысының әділ әрі ашық бөлінуін қамтамасыз ету, қайталанатын немесе жалған шығындарды болдырмау және барлық санаттағы балаларға қосымша білімге тең қолжетімділікті ұсыну. Әсіресе бұған дейін бағдарламаға қамтылмаған балаларды тарту көзделген, – деді Қарағанды облысы дене шынықтыру және спорт басқармасының бұқаралық және балалар спортын дамыту орталығының заңгері Сәуле Нысанбаева. – Жоба аясында «бір бала – бір ваучер» қағидасы енгізіледі. Бұл – мемлекет тек бір үйірме не секцияның ақысын төлейді деген сөз. Ал ата-аналардың қосымша үйірмелерге өз есебінен беруіне ешқандай шектеу жоқ. Мұндай қағида әрбір балаға тең мүмкіндік беріп, әділ бастауға жол ашады.

Айта кетерлігі, өзге пилоттық аймақтардан өзгеше, Қарағанды облысы жобаны тұтас өңір көлемінде, оның ішінде ауылдық елді мекендерді де қамтып алғашқылардың бірі болып жүзеге асырады.

Ваучерлер мемлекеттік Oqu цифрлық платформасы арқылы бөлінеді. Мұнда 12 әлеуметтік санатқа басымдық беріледі. Әсіресе ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларға, сондай-ақ көпбалалы және аз қамтылған отбасылардан шыққан балаларға назар аударылады.

Ваучерді рәсімдеуге арналған арнайы хабарлама нысаны дайындалған. Бірыңғай мемлекеттік жүйе ваучерлердің жалпы саны мен балаларға үлестірілуін, сондай-ақ сабаққа қатысуын бақылап отыруға мүмкіндік береді. Бұл қаражаттың нақты әрі тиімді бөлінуін қамтамасыз етеді.

Қызмет көрсетушілер міндетті түрде аккредитациядан өтеді, санитарлық және техникалық талаптарға сәйкестігі тексеріледі, педагогтардың біліктілігі расталады. Төлем тек балалардың нақты қатысуы бойынша көрсетілген қызмет үшін жүргізіледі.

Ата-аналар Oqu платформасында тіркеліп, жеке деректерді өңдеуге келісімді 1414 нөмірінен келген SMS арқылы растауы қажет. Содан кейін ваучер алынып, аккредиттелген жеткізушілер тізімінен ұйым таңдалады. Процесс толығымен цифрлық форматта өтеді, қағаз құжат тапсырудың қажеті жоқ.

Маңызды талап: егер бала бұрын қосымша білім алмаған болса, оның облыс не қала аумағында тұрақты немесе уақытша тіркеуі болуы тиіс.

Қосымша нұсқаулықтар, бейнематериалдар және жиі қойылатын сұрақтарға жауаптар облыс әкімдігінің және салалық басқармалардың ресми сайттарында жарияланады.

Қазіргі таңда Қарағанды облысында 25 мыңнан астам бала спорттық, шығармашылық және білім беру тапсырыстары арқылы тегін қосымша білім алып жүр. Алайда шамамен 46 мың бала үйірмелер мен секцияларға қатыса алмай отыр, себебі бірқатар бала бір уақытта бірнеше ваучерді пайдалануда.