Қарағанды облысында ірі инфрақұрылымдық жобалардың бірі – газдандыру жұмыстары жалғасуда. Қарағанды мен Теміртауда газ таратушы желілер 9589 жеке тұрғын үйге жеткізілсе, соның 5417-і жүйеге қосылды.
Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Тілектес Досаевтың айтуынша, тек Қарағандының өзінде 6 мыңнан астам, ал Теміртауда 3,5 мыңға жуық үйге газ желілері тартылған. Бүгінде бес мыңнан астам абонент көгілдір отынға қол жеткізген.
Газға қосу жұмыстары ТКШ жаңғырту орталығы арқылы жүргізіліп жатыр.
Қарағанды қаласында 16 іске қосу кешені қарастырылған. Ол төрт кезек бойынша жүзеге асырылуда.
— Қазір 4-ші кешен бойынша жұмыстарды жалғастырып жатырмыз. Биыл Фёдоровка мен Үлкен Михайловка станциясын толық аяқтаймыз. 5-ші кешенде мердігердің ескертулерді жою жұмыстары жүріп жатыр. Ал 6-шы кешен — «Таугүл» және «Күнгей» шағын аудандарына қатысты жоба — түзетіліп, мемлекеттік сараптамада қаралуда, — деді қала әкімінің орынбасары Қайрат Қамзин.
Теміртауда газдандыру сегіз іске қосу кешені арқылы жүргізілуде. Қаланың басым бөлігі газға қосылған. Әзірге «Отрадный» ықшам ауданы, 9А, АБВ кварталы және нан зауыты маңы қамтылмаған.
— Қазіргі таңда үш мыңнан астам абонент газға қосылды. Қыркүйек айының басына дейін барлық жұмыстар аяқталуы тиіс, — деді қала әкімі Ғалым Әшімов.
Шахтинскіде көгілдір отын тарту жұмыстары 2023 жылы басталған. Қазірдің өзінде 18 шақырымнан астам жоғары қысымды газ құбыры жүргізіліп, газ тарату станциясы салынды. Жалпы ұзындығы 229 шақырымнан асатын желі тартылып, 1434 үйді қосу жоспарланған. Биыл Солтүстік-Батыс кентін газдандыру аяқталады, қала ішінде кварталараралық желілер төселіп жатыр.
Газдандыру ауылдарға да жетпек. Ақсу-Аюлы, Еркіндік, Өспен, Сәкен Сейфуллин ауылдары мен Ақтау және Мұстафин кенттерін газбен қамту жобалары оң қорытынды алды. Бұл жұмыстар 16 мыңнан астам тұрғынды қамтиды.
Жиын қорытындысында облыс әкімі Ермаганбет Бөлекпаев жауапты органдарға тапсырма берді.
— Ең алдымен тұрғын үйлерді газ желісіне қосу жұмыстарын жандандыру қажет. Газдандыру бойынша барлық жобалардың орындалуын тұрақты бақылауда ұстауымыз керек, — деді өңір басшысы.