Қарағандылық 16 жастағы Аиша Баймырза дәстүрлі садақ атудан әлем чемпионатында күміс медаль жеңіп алды. Ол 20 метр қашықтықтан қалқан нысанаға ату сайысында өнер көрсетті.
Ақтауда өткен дәстүрлі садақ атудан әлем чемпионатына Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан және Ресейден 70-тен астам спортшы қатысты.
Қарағанды облысының атынан ел құрамасы сапында «Қайрат» БЖСМ-нің төрт тәрбиеленушісі бақ сынады. Солардың бірі – Аиша Баймырза жүлделі екінші орынды иеленді.
– Менің санатымда Қазақстанның, Өзбекстанның, Ресейдің және Қырғызстанның ең мықты садақшылары қатысты. Жарыс кезінде әртүрлі сезімде болдым: толқу да, қызығушылық та, ел алдындағы үлкен жауапкершілік те болды. Әрбір атуым мен үшін сынақ еді. Бірақ сабыр сақтап, барынша жинақталуға тырыстым. Бұл нәтиже – мен үшін үлкен жетістік әрі алға жетелейтін ынта, – деп әсерімен бөлісті спортшы.
Аиша садақ атумен екі жылдан бері айналысады. Ол бірден бірнеше жаттықтырушымен жұмыс істейді: Надежда Кефер, Кая Мазнева және Ольга Ковалева. Жеке бапкері – Юлия Ни.
Жаттықтырушылар шәкіртінің жетістігіне көңілі толды.
– Нәтиже өте жақсы, себебі қарсыластары мықты болды, ал айырмашылық өте аз еді. Аиша биыл дәстүрлі садақ атудан жасөспірімдер құрамасына қабылданды. Келер жылы да облысымыз бен еліміздің намысын республикалық және халықаралық жарыстарда қорғайтын болады, – деді бапкер Надежда Кефер.
Айта кетейік, бұған дейін Аиша Баймырза Қазақстан чемпионатында қола жүлде жеңіп алған болатын.