Қарағандыда тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандардың жылыту маусымына дайындығы тексерілуде

Қарағандыда тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандардың жылыту маусымына дайындығы тексерілуде

Жылыту маусымының басталуына бір айдан астам ғана уақыт қалды. Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев қала билігі мен коммуналдық қызметтерге көпқабатты үйлерді, әлеуметтік нысандарды және кәсіпорындарды уақытылы әрі үздіксіз жылумен қамтуды тапсырды.

– Қазіргі таңда көпқабатты үйлерді жылыту маусымына дайындау жұмыстары жүріп жатыр. 2500-ден астам нысанның 75 пайызы дайындық актілерін алды. Ерекше назар күрделі жөндеуді қажет ететін үйлерге аударылып отыр. Мұндай үйлердің саны – 115, олардың барлығындағы жұмыстар 15 қыркүйекке дейін толық аяқталуы тиіс. Бұдан бөлек, 164 үйде ағымдағы жөндеу жүргізілді. Бақылауда тұрған тағы бір мәселе – жылыту жүйесі тұйықталатын 152 үй. Сонымен бірге әлеуметтік нысандарға да апта сайын мониторинг жасалуда, – деді Қарағанды әкімі Мейрам Кожухов.

Кеңесте Шахтер кентін орталық жылу жүйесіне қосу мәселесі де қаралды. Облыс әкімі барлық жұмыстар белгіленген мерзімде аяқталып, осы жылы жылу жүйесіне қосылуы тиіс үйлердің толық қамтылуын қадап айтты.

Жылу желілері бойынша 23,6 шақырымның 16 шақырымы жаңартылды. Қазіргі уақытта «Соединительная» және «I кезек» магистральдарының реконструкциясы жүріп жатыр. Ал М2 магистралі бойынша «Ақжолтай» мұз айдынынан Комиссаров көшесіне дейінгі учаске аяқталды. Қазір облыстық мұрағат ғимаратына дейінгі құбыр тарту мен дәнекерлеу, тіректер орнату және сорғы стансасындағы жұмыстар жүргізілуде.

Сонымен қатар, 20 шақырымдық су құбыры мен 3 шақырымдық кәріз желісі жөнделіп жатыр. «Тариф орнына инвестиция» бағдарламасы аясында және бюджет қаржысы есебінен жүзеге асқан жаңғырту жобалары нәтижесінде су құбырларының тозу деңгейі 59 пайызға, кәріз жүйелерінің тозуы 82 пайызға дейін төмендеді.

Осы жұмыстармен қатар «Қарағанды Жарық» пен «Қарағанды Энергосаласы» кәсіпорындары әуе және кабель желілерін, қосалқы стансалар мен тарату пункттерін жөндеуде. Барлық жұмыстар кестеге сәйкес жүріп жатыр және жылыту маусымы басталғанға дейін аяқталуы тиіс.

– Жылыту маусымына дайындық жұмыстары аяқталуға жақын. Дегенмен бақылауды күшейтіп, қалып қойған жұмыстарды жеделдету қажет. Қарағанды әкіміне 20 қыркүйекке дейін барлық жоспарланған іс-шараларды аяқтауды тапсырамын. Коммуналдық кәсіпорындарға – жабдықтардың тұрақты жұмысын қамтамасыз ету міндеті жүктеледі. Ең бастысы – көпқабатты үйлердің дайын болуы. Халықпен тығыз жұмыс істеп, жиналыстар өткізіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізу керек. Әлеуметтік нысандардың басшылары жөндеуді аяқтап, отын қорын қалыптастыруы тиіс. Ал ТКШ-ны жаңғырту орталығы Шахтер кентіндегі үйлерді жүйеге қосуды қамтамасыз етсін. Бұл мәселе ерекше бақылауда болуы тиіс, – деп атап өтті Ермағанбет Бөлекпаев.