Қарағандыда орталық қосалқы электр стансасы жаңартылуда

Қарағандыда орталық қосалқы электр стансасы жаңартылуда

Қарағандыда 110 кВ «Қарағанды» тораптық қосалқы стансасын қайта жаңғырту жұмыстары аяқталуға жақын. Өңірдегі ең ескі нысандардың бірі саналатын бұл станса Қарағанды, Теміртау және Саран қалаларын электр қуатымен қамтамасыз етеді.

Энергетикалық инфрақұрылым нысандарын аралау барысында облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев қосалқы стансадағы жұмыстардың барысымен танысты.

Аймақ басшысына берілген мәлімет бойынша, нысанның дайындық деңгейі 70 пайызды құрайды: қуаты әрқайсысы 40 МВА болатын екі трансформатор орнатылып, заманауи тарату құрылғылары іске қосылған. Бұл шешім аймақтағы энергиямен жабдықтау сенімділігін арттырып, апаттық ажыратулар қаупін азайтады.

– Қарағандыда шамамен 40 қосалқы станса бар, олардың ішінде бұл нысан өңір үшін аса маңызды. 1948 жылы пайдалануға берілген станса шұғыл реконструкцияны қажет етті. Жаңарту жұмыстары қуатты арттырып, өңірде қосымша зауыттар мен тұрғын үйлерді қосуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар бір ЖЭО-да ақау туындаған жағдайда электр қуаты автоматты түрде өзге стансалардан қайта бағытталып, жүйенің тұрақтылығы сақталады, – деді жоғары вольтты электр желілері бойынша техникалық директордың орынбасары Алексей Бочарников.

Облыс әкіміне сонымен бірге өңірдің негізгі жылу және энергия көздері – ЖЭО-1 мен ЖЭО-3-те алдағы жылыту маусымына дайындық барысы туралы баяндалды. 

Қала әкімі Мейрам Кожухов «Оазис» шағын ауданында жаңа жылу желілерін, сорғы стансасын және орталық жылу пунктін салу жобасының жүзеге асуымен таныстырды. 

Құрылыс жұмыстарының дайындығы – 78 пайыз, жобаны 2026 жылы аяқтау жоспарланған.

Қарағанды ЖЭО-3-те, қала нысандарының 80 пайызын жылумен қамтамасыз ететін стансада, желілік суды қыздыруға арналған шыңдық жылытқыштарды орнату аяқталуда. Бұл құрылғы қатты аязда да жылу тасығыштың тұрақты температурасын ұстап тұруға мүмкіндік береді. Қазан айына дейін ЖЭО-1 мен ЖЭО-3-те бес қазандық пен үш турбинаны қоса алғанда, 26 негізгі жабдық жөнделеді. Стансалардың қоймаларында 400 мың тоннадан астам көмір қоры жиналған, бұл бір ай бойы үздіксіз жұмыс істеуге жеткілікті.

– Үшінші жылу шығару бағыты бойынша соңғы жұмыстар ЖЭО-3-ті қосымша жабдықтармен қамтыды. Бұл қала аумағының кеңеюіне байланысты артып отырған жылу қажеттілігін өтеуге мүмкіндік береді, – деді «Қарағанды Энергоцентр» ЖШС-нің бас директоры Флюр Гарипов.

– Жылыту маусымына дайындық қатаң кесте бойынша жүргізілуі тиіс. Қажетті материалдар мен дайындамалар толық дайын болмайынша, құбырларды ауыстыру немесе кесу жұмыстарын бастауға болмайды, – деп атап өтті Ермағанбет Бөлекпаев. Ол энергетиктерге тұрғындарды жылу және электр қуатымен үздіксіз қамтамасыз етуді тапсырды.