Осакаров ауданында жастар кәсіпкерлігінің жаңа толқыны басталды

Осакаров ауданында жастар кәсіпкерлігінің жаңа толқыны басталды
 

Аудан көлемінде әртүрлі бағыттағы жобалар қолға алынған. Оның ішінде сүт өнімдерін өндіру, тігін ательесін ашу, батут орталығы мен сұлулық салонын іске қосу, сондай-ақ тұрмыстық қалдықтарды шығаруды ұйымдастыру бар.

Соңғы үш жылда аудан бойынша 30 жас кәсіпкер грант алып, өз істерін ашып, дамытып келеді. Көпшілігі алғашқы нақты нәтижелерге қол жеткізіп үлгерді.

Жастардың бастамаларын қолдауға арналған ProZhaStar форумы жаңа жобаларды таныстыру, тәжірибе алмасу және гранттарды табыстау алаңына айналды. Форум барысында аудан әкімі Руслан Нұрмұханбетов жастардың ауыл өміріне тың серпін беріп отырғанын атап өтті.

– Жастар – ел дамуының негізгі қозғаушы күші әрі жаңа үрдістердің бастаушысы, – деді аудан әкімі. – Ауылда бәсекелестік деңгейі төмен, бірақ идеяларды жүзеге асыру мүмкіндігі мол. Сондықтан сіздерге барлық жол ашық. Қорықпай қадам жасап, жаңа бастамаларды қолға алыңыздар. Біз әрқашан қолдау көрсетеміз.

Грант иегерлерінің бірі Дина Алина Осакаров кентінде газ құю бекетін ашуды жоспарлап отыр.

– Қазір газға сұраныс жоғары, ал бәсеке жоқтың қасы. Енді аудан тұрғындарына қажет заманауи сервис қолжетімді болады, – дейді ол.

Ал Максим Ржевский алған қаражатқа жиһаз жасауға арналған дәнекерлеу шеберханасын іске қоспақ.

– Мұндай шеберхана Осакаров ауданында әзірге жоқ. Өзімнің тәжірибем бар, белгілі бір әзірлемелерім де дайын. Сондықтан жобам табысты болады деп сенемін, – дейді жас кәсіпкер.

Гранттар жаңа бизнесті ашуға ғана емес, жұмыс істеп тұрған жобаларды кеңейтуге де беріледі. Мәселен, Күнболат Нұхая Нияз ауылдық округінде «Ұлттық нақыштағы Этноауыл» жобасын дамытып жатыр.

– Біз қонақтар үшін ұлттық дәстүрлермен танысуға, демалуға және отбасылық мерекелерін өткізуге жағдай жасайтын демалыс аймағын құрып жатырмыз, – дейді ол.

Форум аясында бұған дейін грант алған жастардың жобаларының көрмесі де ұйымдастырылды. Бұл – аудан жастарының жаңа идеяларының тек сөз жүзінде емес, іс жүзінде де жүзеге асып жатқанын дәлелдейді.

Осакаров ауданы әкімдігінің ақпараты бойынша