Нұра ауданының Ахмет ауылында өрт сөндіру бекеті ашылды. Енді мұнда төрт құтқарушы тәулік бойы кезекшілік атқарады. Қызметкерлер үшін диспетчерлік бөлме мен демалыс орны қарастырылған.
Салтанатты шараға Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар вице-министрі, генерал-майор Рамиль Камалов, аудан басшылығы мен жергілікті тұрғындар қатысты.
— Жаңа өрт сөндіру бекетінің ашылуы Ахмет ауылы мен жақын маңдағы елді мекендердің қауіпсіздігін арттырады. Сонымен қатар төтенше жағдайлар кезінде жедел әрекет етуге мүмкіндік береді. Мемлекет ауылдық аумақтардың дамуына ерекше назар аударып отыр. Осы тұрғыдан мұндай нысандардың ашылуы — халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі маңызды қадам, — деді Рамиль Камалов.
Бекет «НуриД» ЖШС аумағында орналасқан. Оның қызметін қамтамасыз ету үшін Қарағанды облыстық ТЖ департаменті ЗИЛ АЦ-4-40 маркалы өрт сөндіру көлігін берді. Арнайы техника өрт сөндіруге қажетті заманауи жабдықтармен толық жабдықталған.
Сонымен қатар бекет 10 дана арқаға асатын өрт сөндіргішпен, ерікті өрт сөндірушілерге арналған арнайы қорғаныш киімі бар үш жиынтықпен, екі аккумуляторлы жоғары қысымды құрылғымен және екі жиынтық жауынгерлік киіммен қамтамасыз етілді.
Ашылу рәсімінде мемлекет пен бизнестің серіктестігіне де назар аударылды. Ахмет ауылы әкімі аппараты мен «НуриД» ЖШС арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
Жергілікті тұрғындар жаңа бекеттің ашылуын көптен күткендерін атап өтіп, енді төтенше жағдайларда кәсіби көмекке дер кезінде жүгіне алатындарына сенім білдірді.
Өрт сөндіру бекеті «Ауыл құтқарушылары» республикалық бағдарламасы аясында ашылды. Бағдарламаның басты мақсаты – ауылдық жерлерде ерікті өрт сөндіру бекеттерінің желісін құрып, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және төтенше жағдайлардың алдын алу болып табылады.
Фото: Нұра ауданы әкімдігінен