Қарағандылық екінші сынып оқушысы Томирис Дүйсенбай Mitsubishi Asian Children’s Enikki Festa атты Халықаралық балалар шығармашылығы фестивалінде Гран-при жеңіп алды.
Фестивальге әлемнің 24 елінен балалар қатысты, ал марапаттау рәсімі Жапонияның Осака қаласында өтті.
Томирис сурет салумен тек бір жыл бұрын айналыса бастады. Қалам мен қылқаламды қолға алу шешімін өзі қабылдаған.
– Бұрын Томирис балетпен және үлкен теннис ойнаумен айналысатын. Бірақ өткен жылы ол сурет пен фортепианоға барғысы келетінін айтты. Шығармашылыққа жақын нәрселермен айналысқысы келді. Үйге жақын орналасқан Shabyt орталығына жаздырдық. Мұғалімі бірден талантын байқады, және оны қабылдады. Сурет салумен қатар, Томирис ағылшын тілін үйренуге және музыкаға қызығушылық танытты – ол фортепианода да ойнайды, – дейді қыз баланың анасы Камила Әкенова.
Фестиваль туралы Томиристің отбасысына Shabyt орталығының тәлімгері Назира Нұрланқызы айтқан. Ол қыз балаға конкурсқа қатысуға кеңес беріп, жұмысын дайындауға көмектескен.
Томирис фестивальге қатысу үшін өз жұмысын өткен оқу жылында дайындаған. Суретінде ол өз-өзін балет пен теннис ойнап тұрған күйінде бейнеледі, ал қосымша жазбада осы әрекеттер оған қандай сезім сыйлайтынын сипаттаған. Жұмыс пен жазба фестиваль комиссиясына жолданды.
– Біз жауапты ұзақ күттік. Биыл мамыр айының соңында ЮНЕСКО-дан хабарласып, Томирис Қазақстан атынан Гран-при жеңіп, Жапониядағы марапаттау рәсіміне ТМД елдері арасынан жалғыз қатысушы ретінде шақырылғанын айтты, – дейді қыз баланың анасы.
Жеңімпаз әкесімен бірге Жапонияға аттанған. Осака қаласында өткен марапаттау рәсімінен кейін балалар мен ата-аналары үшін бай мәдени бағдарлама ұйымдастырылды. Оларға Mitsubishi павильоны мен Киото қаласының көне астанасына экскурсия өткізілді. Сондай-ақ, бағдарлама аясында Осака қаласындағы бір мектептің бастауыш сынып оқушыларымен мәдени алмасу іс-шаралары және басқа жеңімпаздармен бірге шығармашылық жұмыс жасау жоспарланды.
– Томирис үшін мұның барлығы ерекше әсерлі болды. Әрине, жол ұзақ болды – Алматы мен Корея арқылы жеттік, бірақ тұрарлық. Томирис шабыттанып, жаңа достар тауып, қуанышты әсерлермен және өз ісіне деген махаббатын арттырған күйде оралды, – деп бөлісті Камила Әкенова.