Заң және тәртіп: Қарағандыда құқықтық ағарту мен есірткіге қарсы профилактика бойынша кешенді шаралар өтті

Заң және тәртіп: Қарағандыда құқықтық ағарту мен есірткіге қарсы профилактика бойынша кешенді шаралар өтті

Қарағанды қаласында «Заң және тәртіп» тұжырымдамасы аясында тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыру және жастар арасында есірткіге қарсы мәдениетті қалыптастыруға бағытталған бірқатар кең ауқымды іс-шаралар ұйымдастырылды.

«Таир» сауда қалашығы аумағында қоғамдық қабылдау форматында ауқымды құқықтық жәрмеңке өтті. Мұнда қала тұрғындары мен қонақтары полиция құзыретіне кіретін түрлі бағыттар бойынша білікті мамандардан кеңес алу мүмкіндігіне ие болды.

Жәрмеңкеге криминалдық полиция қызметкерлері, есірткі және киберқылмысқа қарсы күрес бөлімшелері, көші-қон және әкімшілік полициясы, жергілікті полиция қызметі, сондай-ақ кадрлық бөлім мамандары қатысты. Келушілер көлікті тіркеу, жүргізуші куәлігін алу, паспорттар мен жеке куәліктерді рәсімдеу, көлік құралдарын қайта жабдықтау тәртібі секілді өзекті мәселелер бойынша жауап алды.

Құқықтық кеңестермен қатар, іс-шарада ішкі істер органдарына жұмысқа орналасу мүмкіндіктеріне де ерекше назар аударылды. Кадр қызметінің өкілдері құжаттарды қабылдау ережелері, үміткерлерге қойылатын талаптар, бейінді білім алу және мансаптық өсу әлеуеті туралы толық ақпарат берді.

— Азаматтардың құқықтық сауатын арттыруға деген белсенділігі мен қызығушылығы қуантады. Бұл полиция мен халық арасындағы сенімді нығайтып, өзара түсіністікті арттырады, — деді Қарағанды облыстық ПД бастығының орынбасары Жасқайрат Қайыров.

Жастар арасында есірткіге қарсы профилактика шеңберінде Қарағанды қаласының Жастар ресурстық орталығы «Жасыл ел» еңбек жасағының сарбаздарымен кездесу өткізді. Кездесуде Қарағанды облыстық полиция департаментінің есірткі қылмыстарына қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі, полиция подполковнигі Бақытжан Мұстафаев сөз сөйледі.

Сондай-ақ кинологиялық қызмет мамандары да қатысып, өз тәжірибелерімен бөлісті.

Кездесу барысында жастарға есірткі заттарының адам ағзасына тигізетін зияны, олардың заңсыз айналымына қарсы күрестің заманауи әдістері түсіндірілді. Сонымен қатар тыйым салынған заттарды қолданудың құқықтық салдары және жасөспірімдерді нашақорлыққа тартудың алдын алу жолдары егжей-тегжейлі талқыланды.

— Бүгінде синтетикалық есірткілердің түрі қарқынды көбейіп келеді. Олардың иісі болмайды, көзге бірден байқалмайды, бірақ аса қауіпті. Біз жастарға олардың қандай қатер төндіретіні жайында ашық айтуымыз керек. Әрбір жас өз денсаулығын да, заңды да ойлауы қажет, — деді Бақытжан Мұстафаев.

Аталған іс-шаралар кешені Қарағандыда қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, құқықтық тәртіпті нығайту және тұрғындар арасында құқықтық мәдениетті арттыру жолындағы жүйелі жұмыстың бір бөлігі болып отыр.