Қарқаралының этноспорт шеберлері «Жеті қазына» республикалық фестивалінен жүлдемен оралды

Қарқаралының этноспорт шеберлері «Жеті қазына» республикалық фестивалінен жүлдемен оралды

Абай облысы үш күн бойы ұлттық мереке рухына бөленді. Абай ауданының Қараауыл ауылында өткен «Жеті қазына» спорт, мәдениет және туризмнің республикалық фестивалі биыл қазақтың ұлы ақыны, ойшылы және ағартушысы Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойына арналды.

Еліміздің түкпір-түкпірінен келген этноспорт шеберлері ұлттық өнердің өрісін кеңейтіп, 40 мыңға жуық көрерменге тамаша сайыс тарту етті.

Сол додада Қарқаралы ауданы да ұлттық дәстүрін лайықты дәрежеде танытып, абыроймен оралды.

Бүркітшілер арасындағы «Қыран бүркіт» жарысында Томар ауылының 25 жастағы тұрғыны Нұрлыхан Жәркен күміс жүлдегер атанды. Бұл – оның кәсіби жолындағы ең ірі жеңісі.

– Құсбегілікпен айналысқаныма бес жылдай болды. Осы уақытқа дейін мұндай деңгейдегі жарыстарда жүлде алып көрмеп едім. Биыл тәжірибе молайды. Ұлы Абай мерекесіне дайындықты жаздың басында бастадық. Күн сайын құсты қолға қондыруға, шырғаға түсуді үйретуге жаттықтырдым. Бұл – төзімділік пен табандылықты талап ететін өнер. Алғашқы кезеңде 500 метр қашықтықтан бүркітті қолға шақыру тапсырмасы болды. 10 ұпай жинап, келесі кезеңге өттім. Екінші кезеңде шырғаға шабуыл жасау жылдамдығы сыналды. Финалда 11 бүркітші бақ сынады, мен солардың ішінде екінші орынға тұрақтадым. Намысты қолдан бермей, өңірдің мерейін асырғаныма қуаныштымын. Фестиваль жоғары деңгейде өтті, ұйымдастырушыларға алғыс білдіремін, – дейді Нұрлыхан Жәркен.

Қарқаралылықтар «Құмай тазы» жарысында да топ жарды. Едірей ауылынан келген Желқара атты тазы екінші орын иеленді.

Оның иесі Азамат Төкешов тазы өсірумен және баптаумен 2017 жылдан бері шұғылданады.

– Тазы – өте жүйрік, төзімді, ақылды ит. Менің тазым – Желқара. Абайдың 180 жылдығына арналған аламанда екінші орын алдық. Іс-шара өте әсерлі өтті, жергілікті халықтың қонақжайлығы ерекше қуантты. Бала кезімнен жылқы мен аңшы иттерге әуеспін. Қазір ұлттық құндылықтарды жаңғырту үшін жылқы мен тазыны баптап жүрмін. Аға буыннан үйренеріміз көп. Алда бізді әлі талай дүбірлі дода күтіп тұр деп сенемін, – дейді ол.

Фестиваль жеңімпаздары – Нұрлыхан Жәркен мен Азамат Төкешов – әрқайсысы сыйлыққа екі жорға бие алып қайтты.