Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев ел Президентінің атынан құрылыс саласының дамуына және өңірдің өркендеуіне айрықша үлес қосқан сала мамандарына мемлекеттік наградалар табыс етті.
Салтанатты жиында аймақ басшысы құрылыс саласының облыс экономикасындағы стратегиялық маңызына тоқталды.
— Ел Президенті жұмысшы мамандықтарының мәртебесін арттыруға үнемі айрықша көңіл бөледі. Сіздер тұрғызатын ғимараттар мен нысандар — тек кірпіш пен бетон емес, олар өңірдің ертеңін қалыптастырып, мыңдаған адамның тұрмыс сапасын жақсартуда. Бүгінде Қарағанды облысында үш мыңнан астам құрылыс компаниясы тіркелген. Ал тұрғын үй құрылысы тұрақты өсім көрсетіп келеді. Биылдың өзінде 540 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл — бес мыңнан астам пәтер, демек, бес мыңнан астам отбасы баспаналы болды, — деді Ермағанбет Бөлекпаев. — Жобаларыңыз әрдайым сапалы, сенімді болып, халыққа қуаныш сыйлай берсін!
Ұзақ жылғы адал еңбегі, жоғары кәсіби біліктілігі және өңірдің құрылыс саласын дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін бес қарағандылық «Құрмет» орденімен,
тағы екі азамат «Еңбек Даңқы» орденінің III дәрежесімен марапатталды.
«Оливия» ЖШС инженері Валентин Пак «Құрмет» орденінің иегері атанды. Ол құрылыс саласында 62 жыл еңбек етіп келеді.
— Бұл марапат — менің көпжылдық еңбегімнің лайықты бағалануы, қоғамның құрметі, — деді ардагер құрылысшы. — Қазір де ПТО инженері болып жұмыс істеймін, жобалау ісімен айналысамын. Құрылысқа кездейсоқ келдім, бірақ ол менің өмірлік ісіме айналды. Техникумды тәмамдап, әскерден кейін политехке түсіп, қатарынан жұмыс істедім. Қазақстанның әр қаласында еңбек еттім. Барлық әріптестеріме мықты денсаулық, ұжымда жақсы ахуал және еңбекте табыс тілеймін!
«Полимер-С» ЖШС директоры Азамат Ақжігітов те «Құрмет» орденімен марапатталды.
Оның еңбек өтілі — 41 жыл.
— Көрсетілген құрмет пен марапат үшін шын жүректен алғыс айтамын. Құрылыс әрлеу жұмыстарымен айналысамын. Еңбек жолымды қарапайым жұмысшыдан бастадым. Әр істі сапалы атқару — басты қағидатым. Әсіресе, Жұмысшы мамандықтар жылы әр кәсіптің өзіндік маңызын ұғыну аса маңызды. Жұмысшы мамандықтарының беделі — біздің санамызда, ал қоғамдағы көзқарас — соның айнасы, — дейді Азамат Ақжігітов.
«MDK-Build» ЖШС учаске шебері Алексей Лаппа «Еңбек Даңқы» орденінің III дәрежесімен марапатталды.
— Құрылыс саласында 25 жылдан астам уақыт еңбек етіп келемін. Еңбек жолымды әрлеу жұмыстарынан бастадым. Үнемі білімімді толықтырып, тәжірибемді өзгелерге үйретуге тырысамын, — дейді ол. — Еңбегімнің еленгені мен үшін үлкен қуаныш. Барлық әріптестеріме — сәтті жобалар мен мықты денсаулық тілеймін!