Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халықаралық мектеп олимпиадаларының жеңімпаздары мен жүлдегерлерімен кездесу өткізіп, оларға марапаттар тапсырды. Бұл топта Жапония, Тайланд пен Қытайда медаль жеңіп алған үш қарағандылық оқушылар бар. Барлығы Назарбаев Зияткерлік мектептерінің тәрбиеленушілері.
Қарағандыдағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушысы Сұлтанби Исатай Пекин қаласында өткен жасанды интеллект бойынша олимпиадада алтын медаль жеңіп алды. Бұл байқауға әлемнің 60 елінен 300-ден астам оқушы қатысты.
– Олимпиада екі кезеңнен тұрды. Бірінші кезең – үй тапсырмасы форматында өтті, ол жалпы баллға қосылмады, тек дайындық ретінде қабылданды. Екінші кезең – тікелей көзбе-көз ұйымдастырылып, екі турдан тұрды, әр турда үш тапсырма берілді. Әр турдың ұзақтығы алты сағатқа жуық болды. Бізге жасанды интеллекттің үш негізгі бағыты – компьютерлік көру, мәтіндік мәліметтерді өңдеу және кестелік деректермен жұмыс – бойынша тапсырмалар берілді. Ең нәтижелі модельді жасаған қатысушы жоғары балл алды, – деді Сұлтанби.
Тағы бір алтын медальді Қарағанды Назарбаев Зияткерлік мектебінің түлегі Талғат Байбосынов иеленді. Ол Тайланд астанасы Бангкокте өткен XXI Халықаралық география олимпиадасында (IGeO-2025) жеңіске жетті.
Талғат халықаралық олимпиаданың үш кезеңінен – жазбаша тест, мультимедиялық тапсырмалар және дала ккзеңінен – сәтті өтті.
Талғаттың айтуынша, ең күрделі кезең дала туры болды. Ол Ко Крет аралында нақты табиғи жағдайларда ұйымдастырылды. Қатысушылардан жер пайдалану деректерін жинау, жергілікті ерекшеліктерді анықтау және туристік әлеуетті бағалау талап етілді.
Жапонияның Токио қаласында өткен AIMO-2025 математика олимпиадасында қола медальді Қарағанды НЗМ оқушысы Аида Ерланова жеңіп алды.
– Олимпиадаға өз еркіммен қатыстым, портфолио жинау мақсатында. Үйде, мұғалімдерсіз дайындалдым. Әрине, мектептегі білімім көп көмектесті, бірақ бұл олимпиадада тапсырмаларды шешудің алгоритмін түсіну аса маңызды болды. Тапсырмалар мектеп бағдарламасынан әлдеқайда күрделі болды. Алайда оларды шешу әдісін түсінгеннен кейін бәрі жеңілдейді, – деді Аида.
Қазір ол Назарбаев Зияткерлік мектебінің 12-сыныбына өтпек. Болашақта қаржы саласында қызмет етуді жоспарлап отыр.
Ақордада жалпы 24 лауреат марапатталды, оның ішінде 4 алтын, 11 күміс және 9 қола медаль иегерлері бар. Медальдар химия, математика, физика, география, информатика және биология пәндері бойынша берілді. Мемлекет басшысы алтын, күміс және қола медальдарды алғандарға тиісінше 1500, 1000 және 500 айлық есептік көрсеткіш көлемінде ақшалай сертификат табыстады.