Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен академик Е. А. Бөкетов атындағы Қарағанды университетіне ұлттық жоғары оқу орны мәртебесі берілді. Бұл шешім оқу орнына академиялық және ғылыми дербестігін кеңейтуге, үздік ғалымдар мен қосымша ресурстар тартуға, халықаралық білім кеңістігіндегі беделін нығайтуға жол ашады. Сондай-ақ жаңа мәртебе аясында инновациялық білім беру бағдарламаларын іске асыруға, заманауи ғылыми зерттеулер жүргізуге және бәсекеге қабілетті мамандар даярлауға кең мүмкіндіктер береді.
Енді оқу орны академик Е. А. Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университеті деп аталады. Бұл университет еліміздегі 18-ші ұлттық жоғары оқу орны болып табылады.
Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев бұл оқиғаны өңір үшін маңызды тарихи сәт деп атап өтті.
— Біздің университет – енді елдегі ұлттық мәртебесі бар он сегізінші жоғары оқу орны. Бұл – жетістіктерімізге берілген жоғары баға ғана емес, сонымен қатар ғылым мен білімді дамытуда, кәсіби өсу мен жаңа биіктерді бағындыруда тың мүмкіндіктер ашатын маңызды қадам. Университет ұжымын және студенттерді осы айтулы жетістікпен құттықтаймын, — деді аймақ басшысы.
Жаңа мәртебенің берілуі – оқу орнының отандық ғылым мен білім саласын өркендетудегі айрықша үлесінің кезекті мойындалуы.
Университеттің тарихы 1938 жылдан бастау алады. Сол жылы білім ордасы педагогикалық институт ретінде ашылып, 1972 жылы университет мәртебесін иеленді. Ол кезеңде Қазақстанда небәрі екі ғана университет – ҚазМУ мен ҚарМУ бар еді, ал өзге жоғары оқу орындары институттар болатын.
Өткен жылы бұл оқу орнына зерттеу университеті мәртебесі берілген болатын.