Қарағандылық жеңіл атлеттер беделді халықаралық турнирде 13 медаль иеленді

Қарағандылық жеңіл атлеттер беделді халықаралық турнирде 13 медаль иеленді

Фото: ҚР Жеңіл атлетика федерациясы

Алматы облысындағы Олимпиадалық даярлау орталығында жеңіл атлетикадан Орталық Азиядағы ең ірі жарыстардың бірі – Ғұсман Қосановты еске алуға арналған XXXIV халықаралық мемориал өтті. Бұл жолы турнирге 17 елден 214 спортшы қатысты. Қарағанды облысының атынан 11 спортшы өнер көрсетті – оның ішінде 10-ы Жоғары спорт шеберлігі мектебінің тәрбиеленушілері және біреуі Ә.Молдағұлова атындағы мектеп-интернат-колледжінің өкілі. Қарағандылықтар жалпы есепте 13 медаль жеңіп алды: 1 алтын, 7 күміс және 5 қола.

Бұл жарыс – 2025 жылдың қыркүйегінде Жапонияда өтетін әлем чемпионаты алдындағы маңызды рейтингтік турнирлердің бірі. Спортшылар мұнда жинаған ұпайлар арқылы әлем біріншілігіне қатысу мүмкіндігін арттырды.

– Қарағандылық спортшылар өте жақсы нәтиже көрсетті. Бұл – облыста жеңіл атлетиканың тұрақты даму үстінде екенін дәлелдейді. Биыл біз Қазақстанның Жастар ойындарында қатарынан төртінші рет чемпион атандық, – деп атап өтті Қарағанды облысының аға жаттықтырушысы Андрей Агеев. – Мемориалда Аделина Земс ерекше көзге түсті. Ол эстафетада бірінші және екінші орындарды жеңіп алды, сондай-ақ 400 метрге кедергілер арқылы жүгіруде екінші келді. Осылайша, әлем чемпионатына жетпей тұрған рейтингтік ұпайларын толықтырды. Алда Аделинаны Ташкент пен Словакияда жарыстар күтіп тұр. Осы бәсекелерден кейін оның әлем чемпионатына жолдама алатыны анықталады.

Әлемдік додаға қатысу мүмкіндігі Мария Ефремовада да бұйырды. Ол мемориалда үш рет секіру және эстафетадан екі күміс медаль жеңіп алды.

Жарыстың ең жас қатысушысы, 18 жастағы Милана Зубарева 400 метрлік қашықтықта жүгіріп, күміс жүлдегер атанды. Бұл – оның жеке рекорды. Милана – бұған дейін Азия чемпионатында екі мәрте жүлдегер атанған болашағынан зор үміт күттіретін спортшы.

– Жарысты өте жақсы жүгіріп өтті. Келесі жылы біз оны жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатына қосуымыз мүмкін, – деді Андрей Агеев.

XXXIV Ғұсман Қосанов мемориалының жүлдегерлері қатарында Виталий Земс, Алина Чистякова, Евгений Прокудин және Валерия Сафонова да бар.

Ғұсман Қосанов мемориалы World Athletics Continental Tour Bronze деңгейіне кіретін халықаралық турнир саналады және ол – жеңіл атлетика маусымындағы маңызды кезеңдердің бірі.

Аты аңызға айналған Ғұсман Қосанов – КСРО-ның бірнеше дүркін чемпионы, 1960 жылы Римде өткен Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері. Ол – Олимпиадада жүлде жеңіп алған алғашқы қазақстандық атлет ретінде ел тарихында ерекше орын алады. Алматыда оның құрметіне арналған халықаралық жарыс жыл сайын тұрақты түрде өтеді.