«Абайға тағзым»: Қарағандыда ұлы ақынның жырлары қазақ, орыс және украин тілдерінде шырқалды

«Абайға тағзым»: Қарағандыда ұлы ақынның жырлары қазақ, орыс және украин тілдерінде шырқалды

Қарағандыдағы Жаңа Майқұдық мәдениет үйінде қазақтың ұлы ақыны, ойшыл-философы, сазгер Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған музыкалық-поэзиялық фестиваль өтті. «Абайға тағзым» атты рухани шара ақын мұрасына деген ел ықыласын паш етті.

Фестивальдің ұйымдастырушысы – Қарағанды қаласы мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөліміне қарасты «Шырақ» тілдерді оқыту орталығы.

– Бұл фестиваль – жарыс емес, Абайға деген ерекше құрмет. Әсіресе, түрлі этнос өкілдерінің қатысуы – Абай мұрасының жалпыұлттық рухани құндылыққа айналғанының дәлелі. Оның ой-толғамдары мен поэзиясы бүгінде барша қазақстандықтардың жүрегіне жол тапты, – деді «Шырақ» орталығының директоры Әсия Смықова.

Іс-шараға 14 пен 35 жас аралығындағы өнерпаздар қатысты. Олардың қатарында мектеп оқушылары, студенттер, әскери қызметкерлер мен түрлі мамандық иелері бар. Қатысушылар Абайдың өлеңдері мен әндерін қазақ, орыс және украин тілдерінде орындады.

Кеш барысында көрермендерге ерекше әсер қалдырған қойылым – Наталья Черемухинаның өнері болды. Ол Абайдың «Көзімнің қарасы» әнін украин тіліне өзі аударып, жан тебірентерлік орындауымен тыңдарманның ыстық ықыласына бөленді.

– Абай өлеңдерін басқа тілдерге аудару – оның терең философиясын, көркем поэзиясын көпшілікке таныстырудың жолы. Қазақ тілін үйреніп, халықтың мәдениетін түсінуге мүмкіндік берген «Шырақ» орталығына алғысымды білдіремін, – дейді Наталья Черемухина.

Фестиваль соңында барлық қатысушыларға арнайы дипломдар мен естелік сыйлықтар табысталды.

Фото Қайныш Бұхарбай