Таиланд астанасы Бангкок қаласында географиядан XXI Халықаралық олимпиада (IGeO–2025) өтті. Зияткерлік сайысқа 47 елден келген 200-ге жуық жас географ қатысты. Қазақстан намысын Назарбаев Зияткерлік мектептерінің төрт оқушысы қорғады. Команда еліміздің аталған олимпиада тарихындағы ең үздік нәтижеге қол жеткізіп, екі алтын және екі күміс медаль еншіледі. Ал үздіктердің қатарынан көрінген қарағандылық Талғат Байбосынов алтын медаль иеленді.
Жас зияткерді туған қаласында, теміржол вокзалында ыстық ықыласпен қарсы алды.
Талғаттың ұстазы, Қарағандыдағы НЗМ география пәнінің мұғалімі Шұға Дәурықбаеваның айтуынша, бұл жетістік – бірнеше жылдық жүйелі еңбектің және табандылықтың нәтижесі.
— Талғат бұған дейін де республикалық және халықаралық деңгейдегі жарыстарда көзге түсіп, географияға деген шынайы қызығушылығы мен терең білімін бірнеше мәрте дәлелдеген болатын, — дейді ол.
Өз сөзінде Талғат географияға қызығушылығы бала кезден басталғанын айтты. Олимпиадалық есептерді шешумен сегізінші сыныптан бастап айналысқан.
IGeO–2025 құрамасына іріктеу бірнеше кезеңнен тұрды. Үміткерлер екі апталық арнайы дайындықтан өтіп, қорытынды емтихандар нәтижесінде 15 оқушының арасынан үздік төрттікке таңдалып алынған.
Олимпиада үш негізгі кезеңді қамтыды: жазбаша тур, мультимедиялық тапсырмалар және далалық жұмыс.
— Жазбаша кезең аса күрделі болмады, біз мұқият дайындалдық. Сұрақтар географиялық құбылыстар мен нақты кейстерге қатысты болды. Ең күрделі кезең – далалық тур. Ол Ко Крет аралында өтті. Бұл арал тұрғындары қыш бұйымдарын жасаумен айналысады. Бізге жерді пайдалану құрылымын зерттеп, жергілікті ерекшеліктерді анықтап, аймақтың туристік әлеуетіне баға беру тапсырылды. Жұмыс барысында академиялық адалдықты еріктілер бақылап отырды, — деп бөлісті Талғат Байбосынов.
Мультимедиялық тапсырмалар 40 сұрақтан тұрды. Олар географияның түрлі аспектілерін — жанартаулық белсенділіктен бастап мәдени дамуға дейінгі тақырыптарды қамтыды. Жауап беруге бір сағат уақыт берілді.
1 қыркүйектен бастап Талғат Назарбаев Университетінде оқуын бастайды. Ол экономика мамандығына түссе де, болашақ кәсіби бағытын географиямен байланыстыруды жоспарлап отыр.
— География — кеңістіктік үрдістер мен заңдылықтарды зерттейтін ғылым. Бүгінде табиғи ресурстардан бастап жаһандық саясатқа дейінгі көптеген сала географиялық факторларға тәуелді. Оның экономикаға ықпалы — орасан, — дейді халықаралық олимпиада жеңімпазы.
Географиядан халықаралық олимпиада (iGeo) 1996 жылдан бері жыл сайын Халықаралық географиялық одақтың бастамасымен өткізіліп келеді. Олимпиаданың мақсаты — оқушылардың география және қоршаған ортаға деген қызығушылығын арттыру, сондай-ақ елдер арасындағы ғылыми ынтымақтастықты нығайту. Қазақстан бұл білім додасына 2012 жылдан бері тұрақты түрде қатысып келеді.