Саран қаласының РТИ шағын ауданында жаңа форматтағы бос уақыт клубы ашылып, жұмысын бастады. Бұл – кітапхана мен қоғамдық кеңістіктің қызметін біріктірген қаладағы алғашқы жоба. Клуб қысқа мерзім ішінде балалар, жасөспірімдер мен ересектер арасында кеңінен танылып үлгерді. Мұнда кітап оқуға, үстел ойындарын ойнауға, әңгімелесуге және үйден алыстамай, бос уақытты тиімді өткізуге барлық мүмкіндік бар.
Қалада инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту, тұрғын үй қорын қалпына келтіру және жаңа өндіріс орындарын іске қосу қатарында мәдени-әлеуметтік бағыттағы жобаларға да айрықша көңіл бөлініп келеді.
Жаңа клуб шағын, алайда жайлы әрі тартымды кеңістікте орналасқан. Мұнда қазақ және шетел авторларының көркем, танымдық, техникалық және балалар әдебиеті жинақталған. Сондай-ақ үстел ойындарына, сурет салуға, кітап оқуға және еркін қарым-қатынасқа арналған аймақтар қарастырылған.
— Қаламыздағы аула клубтарының басым бөлігі спорттық және шығармашылық бағытта жұмыс істейді. Ал РТИ шағынауданына тұрғындар жай ғана келіп демалатын, сөйлесетін, кітап оқитын орта қажет болды. Осы сұранысқа сай аталған клуб ашылды, — дейді Саран қаласы мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Ғалия Тоқметова.
Клубтың форматы – кітапхана, оқу залы және мәдени алаң қызметтерін ұштастырады. Мұнда келушілер кітаптарды үйге алып кету үшін жазыла алады, сонымен қатар клуб ішінде отырып-ақ кітап оқып, ойын ойнап, бос уақытын мәнді өткізуіне болады.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, жобаның негізгі мақсаты – барлық жас топтары үшін қолжетімді әрі ашық кеңістік қалыптастыру.
Бүгінде Саран қаласында бұл жаңа клубпен қоса, төрт аула клубы жұмыс істейді.