Карағандылық шаңғышы Азия кубогында күміс жүлде жеңіп алды

Карағандылық шаңғышы Азия кубогында күміс жүлде жеңіп алды

Оңтүстік Кореяда өтіп жатқан Азия кубогының кезеңінде қарағандылық спортшы Евгения Вадутова жүлделі екінші орынға ие болды. Шаңғыроллер жарысы 4–8 тамыз аралығында Пхёнчхан қаласында өтуде.

Жарысқа Корея, Филиппин, Тайпей, Моңғолия, Қытай және Қазақстаннан 74 спортшы қатысуда. Қазақстан құрамасының сапында Қарағанды облысынан жеті спортшы бақ сынап жатыр. Олардың екеуі үздік нәтиже көрсетті.

Евгения Вадутова классикалық әдіспен өтетін 1 шақырымдық спринтте күміс медаль жеңіп алды.

Сонымен қатар, Азия кубогының спринтерлік есептегі лидерлік жейдесін иеленді.

– Бұл – ерекше мәртебені білдіретін спорттық жейде. Жарыс кезінде барлық спортшы өз нөмірлері жазылған киіммен шықса, көшбасшыларға арнайы «Лидер» деген жазуы бар жейде беріледі. Онда нөмір болмайды, – деп түсіндірді Қысқы спорт түрлері бойынша Олимпиадалық даярлау орталығының аға жаттықтырушысы Максим Щербаков.

Жарыста тағы бір қарағандылық спортшы – Диляра Байсекеева да жоғары нәтиже көрсетті. Ол спринтерлік қашықтықта мәре сызығын алтыншы болып кесті.

– Әр кезең сайын жарыстың деңгейі артып келеді. Қатысушы елдер жарысқа толық құрамда келуге тырысып жатыр. Бұл жолы көптеген елдердің негізгі командалары қатысты. Ал біздің құрама – толық құрамда болған жоқ. Негізгі құрам Олимпиадаға дайындалып жатыр, – деді Максим Щербаков.

Азия кубогының келесі, үшінші кезеңі 4–7 қыркүйек аралығында Қазақстанның Щучинск қаласында өтеді. Осы кезеңде ел құрамасының негізгі құрамы өнер көрсетеді деп жоспарланып отыр.