Қарағандылық Тимофей Муравьев Болгарияның Варна қаласында өткен FAI Еуропалық Әлем кубогінде fvp-дрон ұшқыштары арасында жетінші орын иеленіп, әлемнің үздік он пилотының қатарына кірді. Ол — аталған беделді халықаралық турнирге қатысқан Қазақстан тарихындағы тұңғыш дрон ұшқышы.
fvp-дрондарды басқаруды Тимофей бала кезінен меңгерген. Оны бұл өнерге әкесі баулыған. Жасына қарамастан, Тимофей бірнеше мәрте ірі республикалық жарыстарға қатысып, үш рет Қазақстанның үздік дрон ұшқышы атағын жеңіп алған.
FAI Әлем кубогінде Болгария, Түркия, Франция, Сербия және Қытайдан келген тәжірибелі, атақты пилоттар бақ сынасты. Көпшілігі — бірнеше дүркін чемпиондар. Осындай жоғары деңгейдегі бәсекеде қарағандылық оқушының үздік ондыққа кіруі — үлкен жетістік. Алайда жүлделі орыннан бір-ақ қадам тоқтатты: жартылай финалда әуеде болған соқтығысу салдарынан дронының пропеллері зақымданып, жарысты жалғастыру мүмкін болмай қалған.
— Біздің қарсыластар — 18 бен 25 жас аралығындағы кәсіби спортшылар, әлемдік рейтингтің көшбасында тұрған мықтылар. Мұндай деңгейдегі жарыста бәсекелесу оңай емес. Бірақ біз жаттығуды тоқтатпаймыз. Тима қазірдің өзінде үздіктердің соңынан қалмай келеді, — дейді Тимофейдің әкесі әрі жаттықтырушысы Сергей Муравьев.
Әлем кубогінде тек жарыс трассасын дронмен еңсеру ғана емес, оны алдын ала өз қолыңмен жинап, ұшуға дайындау да міндеттелген.
— Әр қатысушы дронды өз қолымен құрастырады. Бұл — жарыстың ажырамас бөлігі. Жарыс нәтижесі көбіне жабдықтың сапасына, винтомоторлық топтың дәл бапталуына, микробағдарлама мен электрониканың дұрыс реттелуіне тікелей байланысты, — деп түсіндірді Сергей Муравьев.
Әлем кубогінен кейін Тимофей Болгарияның София қаласында өткен тағы бір беделді жарыс — MultiGP сериясындағы жазғы іріктеу кезеңіне қатысты. Бұл сайыста ол төртінші орынды иеленді. Жазғы және бұған дейін Алматыда өткен көктемгі іріктеу кезеңдерінде жинаған ұпайлары біріктіріліп есептеледі. Егер қорытынды рейтинг бойынша Тимофей әлемнің үздік 150 пилотының қатарына кірсе, биыл күзде АҚШ-тың Майами қаласында өтетін дрон-рейсинг бойынша Әлем чемпионатына қатысу мүмкіндігіне ие болады.