Абай сөзі – адамзатқа ортақ мұра: Қарағандыда өткен мүшәйраға 25 авторлық шығарма ұсынылды

Абай сөзі – адамзатқа ортақ мұра: Қарағандыда өткен мүшәйраға 25 авторлық шығарма ұсынылды

Қарағанды қаласындағы «Сарыжайлау» кинотеатрында ұлы ойшыл, қазақ әдебиетінің классигі Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған облыстық поэзиялық мүшәйра өтті. «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп» атауымен өткен жыр бәйгесіне Балқаш, Саран, Теміртау қалаларынан және облыстың барлық аудандарынан келген ақындар қатысты. Байқауға барлығы 25 авторлық туынды ұсынылды. Қазылар алқасы үздік деп таныған жеті қатысушы марапатталды. Олардың қатарында жас талапкерлермен қатар, танымал қаламгерлер де бар.

– Абай – қазақ поэзиясының биік шыңы, адамгершіліктің өлшемі. Біз ұлы ойшылдан елге, ұлтқа, әрбір адамға деген кіршіксіз махаббатты үйренуіміз керек. Бүгінде жүргізіліп жатқан барлық мәдени бастамаларымыздың негізінде осы ұстаным жатыр, – деді Қарағанды облысы мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Ғалымжан Өтелбайұлы.

Басқарма басшысының айтуынша, облыс аумағында қырыққа жуық ақын тұрады және олар өңірдің рухани-мәдени өміріне белсене араласып келеді. Қарағанды облысында жалпы саны 570-ке жуық мәдениет мекемесі жұмыс істейді, олардың әрқайсысы ұлы ойшылдың мерейтойын лайықты деңгейде атап өтуге өз үлесін қосып келеді.

– Жақында ғана Абай ауданында республикалық деңгейдегі айтыс өтті. Енді біз Абай облысына үлкен шығармашылық делегацияны аттандыруға дайындалып жатырмыз. Оның құрамына өңіріміздің ақындары, жазушылары, өнер майталмандары мен зиялы қауым өкілдері енеді. Сондай-ақ, қыркүйек пен қараша айлары аралығында мектеп оқушылары мен студенттер арасында Абай шығармаларын мәнерлеп оқу, эссе жазу және сурет салу бағыттарында ірі көлемді байқаулар ұйымдастырылады, – деп толықтырды Ғалымжан Өтелбайұлы.

Мүшәйраның қазылар алқасының құрамында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Серік Ақсұңқарұлы, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың иегері Ғалым Жайлыбай және филология ғылымдарының докторы Қойлыбай Асанов болды.

– Барлық ұсынылған өлеңдерді бірнеше күн бойы оқып, талдадық. Биылғы мүшәйраның деңгейі өте жоғары болды. Әрине, жарыс болғандықтан, бәріне бірдей жүлде бұйырмайды. Алайда бұл қалған ақындардың шеберлігі мен еңбегін бағаламау дегенді білдірмейді. Барша қатысушыға шынайы алғысымды білдіремін, – деді қазылар алқасының төрағасы Ғалым Жайлыбай.

Жыр бәйгесінің қорытындысы бойынша бас жүлде Бағдат Мүбәракқа табысталды. Екінші орын Таңсәуле Әгенқызына бұйырды. Ал үшінші орынды Дәуренбек Бұланбаев пен Ерболат Қуатбек бөлісті.

Сонымен қатар, ерекше көзге түскен қатысушыларға ынталандыру сыйлықтары мен арнайы марапаттар табыс етілді.

Поэзиялық мүшәйраны Қарағанды облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы мен Қазақстан Жазушылар одағының облыстық филиалы бірлесіп ұйымдастырды.

Фотосурет авторы – Александр Марченко