Эксетер университетінің профессоры, танымал британ археозоологы Алан Аутрам қазіргі Қазақстан аумағында жылқыны қолға үйрету тарихына қатысты іргелі зерттеу жүргізуді жоспарлап отыр. Зерттеу үшін қажетті археологиялық материалдарды ғалымға Сарыарқа археологиялық институтының мамандары ұсынады.
Алан Аутрам — жануарлардың ежелгі сүйек қалдықтарын, сондай-ақ әртүрлі тарихи кезеңдердегі адам мен жануар арасындағы қарым-қатынасты зерттеумен айналысатын жетекші ғалым. Қазіргі уақытта ол жылқыларды қолға үйретудің алғашқы кезеңдерін зерттеп жатыр және осы бағыттағы деректерді Қазақстан аумағында жүргізілген археологиялық қазбалар негізінде зерделемек. Бұл мақсатта ол Сарыарқа археологиялық институтымен әріптестік орнатуға ниетті.
— Біздің археологтар Алан Аутраммен бұған дейін де бірлесе жұмыс істеген. Мамандарымыз Эксетер университетінде болып, тәжірибе алмасқан. Профессордың біздің институтты таңдауы кездейсоқ емес — біздегі артефактілер мен деректер Орталық Қазақстандағы қола дәуіріне қатысты ең маңызды ғылыми база саналады. Осы жолы Ұлыбританияға Қостанай облысындағы Кент және Лисаков қорымдарынан табылған жылқы сүйектері жіберіледі, — деді Сарыарқа археологиялық институтының директоры Алексей Кукушкин.
Аутрам сүйек қалдықтарын Эксетер университетінің заманауи зертханасында зерттемек. Ғалымның мақсаты — қола дәуірінде қазіргі Қазақстан аумағында өмір сүрген көшпелі қоғамдар мен олардың мал шаруашылығы мәдениетінің, соның ішінде жылқыны қолға үйретудің тарихи эволюциясын ғылыми тұрғыда дәлелдеу.
Зерттеу нәтижесінде халықаралық ғылыми қауымдастықта мойындалған беделді журналдардың бірінде бірлескен мақала жарияланбақ. Бұл мақалада Алан Аутрам зертханалық сараптамалардың нәтижесін ұсынса, қарағандылық археологтар жылқы сүйектерінің қай жерде және қандай жағдайларда табылғанын сипаттайды.