Қарағанды облысының спортшылары Чехияда өткен тоғызқұмалақ бойынша халықаралық жарыста күміс және қола медаль жеңіп алды. Жүлделі орындарға Ернұр Қарығұл мен Әділхан Төлегенов ие болды.
Чехияның Пардубице қаласында тоғызқұмалақтан Әлем кубогы мен әлем чемпионаты өтті. Байрақты бәсекеде Қазақстан, Чехия, Румыния, Түркия, Қырғызстан, Венгрия, Польша, Австрия, Словакия, Молдова, Болгария, Сербия, Оңтүстік Корея, АҚШ және Украинадан келген спортшылар бақ сынады.
Қарағандылық Ернұр Қарығұл ересектер арасындағы блиц-турнирде күміс медаль иеленді. Ал 21 жасқа дейінгі жастар арасындағы әлем чемпионатында Бұқар жырау ауданының өкілі Әділхан Төлегенов үшінші орынға тұрақтады.
— Қарсыластар өте мықты болды. Жеті тур ойнап, бесеуінде жеңіске жеттім. Алғашында қатты толқыдым: мұндай деңгейде облыс намысын қорғау — үлкен жауапкершілік. Бірақ өзімді қолға алып, жақсы нәтиже көрсете алдым, — дейді Әділхан Төлегенов.
Ал бүгін Моңғолияда тірек-қимыл жүйесі мен көру қабілеті бұзылған спортшылар арасында тоғызқұмалақтан әлем чемпионаты басталады. Қазақстан құрамасы сапында Қарқаралы қаласынан жаттықтырушы Бүркіт Бейсенаев пен оның шәкірті Дастан Үмітқалиев өнер көрсетеді.