Академиялық есу бойынша Қазақстан чемпионатында Қарағанды облысының құрамасы үздік үштікке енді

Академиялық есу бойынша Қазақстан чемпионатында Қарағанды облысының құрамасы үздік үштікке енді

Теміртауда академиялық есу бойынша командалық Қазақстан чемпионаты өз мәресіне жетті. Самарқан су қоймасында өткен сайысқа еліміздің әр өңірінен 350-ге жуық спортшы қатысты. Қарағанды облысының намысын 40 есуші қорғап, 993 ұпаймен үшінші орынды еншіледі.

Чемпионаттың жеңімпазы – Астана қаласының құрамасы. Олар 1100 ұпай жинап, көш бастады. Екінші орын Түркістан облысының еншісінде – 1056 ұпай.

– Командамыздың жастығын ескерсек, бұл – өте жақсы нәтиже. Спортшылардың басым бөлігі – 19 жаста және одан кіші жастар. Ұлттық құраманың қатарында жүрген бір ғана спортшымыз бар, ол – 2003 жылы туған. Ал Астана мен Түркістан құрамаларында жасы үлкен, тәжірибелі, ұлттық құрамада жүрген спортшылар көп. Соған қарамастан, біз ұпай жағынан олардан көп қалып қойған жоқпыз. Бұл – біздің команда үшін үлкен жетістік, – деді Қарағанды облысының академиялық есу бойынша аға жаттықтырушысы Владимир Белоногов.

Алда – маңызды жарыстар.  Қарағандылық спортшылар қазір осы додаға тыңғылықты дайындалып жатыр. Тамыздың 28-і мен 31-і аралығында Азия чемпионаты өтеді. Одан соң олар Түркістанда өтетін VI жасөспірімдер ойындарына қатысады.

Айта кетейік, 24–26 шілде күндері Самарқан су қоймасында академиялық есу бойынша жасөспірімдер арасындағы Қазақстан чемпионаты өткен еді. Қарағанды мен Теміртаудың спортшылары бұл жарыста да жақсы нәтиже көрсетіп, екінші орын алды. Бұл чемпионат Қытайда өтетін Азия біріншілігіне ұлттық құрама сапын іріктеу кезеңі болды.