2025 жылдың 1–31 тамыз аралығында Қазақстанда Ұлттық ауыл шаруашылығы санағының онлайн кезеңі өтеді. Ұлттық статистика бюросының хабарлауынша, ел бойынша шамамен 300 мың ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне 1414 нөмірінен SMS-хабарлама арқылы санаққа қатысуға шақыру жіберіледі.
Бұл санақ БҰҰ-ның Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы өткізетін 10-шы Дүниежүзілік ауыл шаруашылығы санағы бағдарламасының аясында жүзеге асырылады. Санақ еліміздің аграрлық секторындағы нақты әрі өзекті деректерді жинауға мүмкіндік береді.
– Санақтан өту үшін sanaq.gov.kz сайтына кіріп, электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ), SMS-код немесе eGovMobile қосымшасындағы QR-код арқылы жүйеге кіру қажет. Қатысушыларға екі түрлі сауалнама ұсынылады: ауыл шаруашылығы кәсіпорындарына және бау-бақша, бақша немесе мал шаруашылығымен айналысатын отбасыларға арналған, – деді Ұлттық статистика бюросы өкілдері. – Сауалнамалар жер пайдалану, техника, өнімді сату, жұмыспен қамту және басқа да маңызды тақырыптарды қамтиды.
Қатысушылардың берген барлық ақпараттары қатты құпиялы болып саналады, салық және басқа мемлекеттік органдарға берілмейді және ҚР «Мемлекеттік статистика туралы» заңы талаптарына сай қорғалады, – деп атап өтті ведомство.
Интернеті тұрақсыз елді мекендерде өздігінен қызмет көрсету аймақтары ашылған. Олар әкімдіктер мен аудандық статистика бөлімдерінің ғимараттарында орналасқан. Сонымен қатар, 1446 нөмірі арқылы тәулік бойы жұмыс істейтін байланыс орталығы да қызмет көрсетеді.
Ауыл шаруашылығы санағының екінші кезеңі офлайн форматта 20 қыркүйек пен 20 қазан аралығында өткізіледі.