Шет ауданы Ақшатау кентіндегі фельдшерлік-акушерлік пунктке «Көкбөрі Керней баба» қайырымдылық қоры жедел жәрдем көлігін сыйлады. Бұл медициналық нысан Қарғалы мен Жарылғап батыр ауылдарын да қамтиды.
Қор аталмыш көлікті сатып алып, оны жедел жәрдем қызметіне лайықтап қайта жабдықтады: ішіне зембіл орнатылып, мигалка мен қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілді.
«Көкбөрі Керней баба» қайырымдылық қоры 20 жылдан астам уақыттан бері қызмет атқарып келеді. Қордың басты мақсаты – ұлы бабамыздың есімін құрметтеумен қатар, қоғамға нақты көмек көрсету.
– Біз үшін ата-бабаларымыздың аманаты – жақсылық жасау. Жақсылықтың мәні тек ұранда емес, нағыз мұқтаж жандарға нақты көмек көрсетуде, – деді қор президенті, кәсіпкер әрі меценат Ұлан Абдыханов.
Қор тек медициналық мекемелерге ғана емес, су тасқыны салдарын жоюға, әлеуметтік жағдайы төмен жастарды қолдауға, баспанасы жоқ азаматтарға тұрғын үй сатып алуға және басқа да игі істерге қолдау көрсетеді. Сонымен қатар, ұлттық спорт түрлері бойынша жарыстар мен мәдени іс-шараларды ұйымдастырады.
Фото – Улан Абдыхановтың жеке мұрағатынан