«Жан шуағы»: Балқашта мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған шығармашылық фестиваль өтті

«Жан шуағы»: Балқашта мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған шығармашылық фестиваль өтті

Балқашта мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған XVI қалалық шығармашылық фестивалі әлемнің сұлулығын көріп, оны бөлісе алатын 30-ға жуық қатысушыны біріктірді. Мереке жақсы дәстүрге айналды.

– Мұндай іс-шаралар – мүмкіндігі шектеулі жандардың қоғамдық және мәдени өмірдің толыққанды қатысушысы болуы үшін маңызды қадам. Шығармашылық арқылы олар өз армандары мен үміттерін жеткізеді, – деді Балқаш қаласының мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Ізбасар Шәкенов фестивальдің ашылуында.

Биыл фестиваль Балқаш қаласының әлеуметтік саласының түрлі мекемелерінен 29 дарынды қатысушыны біріктірді. Олардың арасында Балқаш қаласының саңыраулар клубының, соқырлар қоғамының, «Үлкен жүрек» қоғамдық бірлестігінің және басқа да ұйымдардың өкілдері бар.

Фестиваль қонақтарына «Сен менікісің» әні ерекше әсер қалдырды. Ал «Үлкен жүрек» ҚБ жас қатысушылары дайындаған әсерлі би мерекенің нағыз әшекейіне айналды.

Әр қатысушыға ұйымдастырушылардан Алғыс хат пен естелік сыйлықтар, ал фестивальдің тұрақты демеушісі Ғабит Жақыповтың атынан тәтті-дәмділер табыс етілді.

– Біз әрқайсыңызды мақтан тұтамыз. Сіздің дарыныңыз бен өміршеңдігіңіз біз үшін нағыз үлгі. Мұндай фестивальдер дәстүрге айналып, еліміздің әр өңірінде өткізілсін! – деді фестивальді жыл сайын қолдап отырған меценат.

Фестивальға қатысушылар да өз әсерлерімен бөлісті.

– «Жан шуағы» мен үшін үлкен қуаныш пен шабыт көзі болды. Соның арқасында мен тағы да өзімді үлкен қоғамның бір бөлігі ретінде сезіндім. Сахнада тұрып, көрермендерге өнерді ұсынғанда, өзіңді бақытты сезінесің. Сол үшін шын жүректен алғыс айтамын. Бұл күн мәңгі есте қалады, – дейді Балқаш соқырлар қоғамының өкілі Мария Шкуркина.

– Фестивальға қатысу менің өмірімнің ең жарқын сәттерінің бірі болды. Бұл жерде әрқайсымыз өз еңбегіміздің бағаланатынын сезіндік. Бұл шынайы эмоциялар мен жүректердің жылуына толы күн болды. Бізге осындай мүмкіндік бергендеріңізге рахмет! – деді ұйымдастырушыларға Балқаш қаласының мүгедектер қоғамының өкілі Мәдина Рахымберлина.

Фото: «Балқаш қаласының саңыраулар клубы» КМҚК