Қарағандылық оқушы Бангкокта өтіп жатқан географиядан халықаралық олимпиадада Қазақстанның намысын қорғауда

Қарағандылық оқушы Бангкокта өтіп жатқан географиядан халықаралық олимпиадада Қазақстанның намысын қорғауда

Таиланд астанасы Бангкок қаласында география пәнінен беделді International Geography Olympiad (IGeO) халықаралық олимпиадасы басталды. Биылғы білім додасына әлемнің 50-ге жуық елінен 200-ден астам дарынды оқушы қатысуда. Қазақстан құрамасына төрт оқушы енді. Олардың бірі – Қарағанды қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушысы Талғат Байбосынов.

Олимпиада 1 тамызға дейін жалғасады. Жарыс үш кезеңнен тұрады: жазбаша тест, мультимедиялық тапсырмалар және практикалық – далалық тур.

Халықаралық деңгейдегі олимпиадаға қатысу – жас зияткерлер үшін үлкен құрмет әрі зор жауапкершілік. Талғат Байбосынов Талдықорған, Қостанай және Ақтөбе қалаларынан іріктелген үздік оқушылармен бірге ұлттық құрама сапында ел намысын қорғап жатыр. Оқушылардың барлығы бірнеше кезеңнен тұратын күрделі іріктеуден өткен.

Биыл сәуір айында жалпы білім беретін пәндер бойынша өткен республикалық олимпиадада Талғат география пәнінен күміс жүлдеге ие болды. Сонымен қатар, ол 30 маусым мен 3 шілде аралығында Литваның Вильнюс қаласында өткен Еуропалық география олимпиадасына Қазақстан құрамасының мүшесі ретінде қатысқан.

Географиядан халықаралық олимпиада алғаш рет 1996 жылы өткізілген. Содан бері ол Халықаралық географиялық одақтың (IGU) қолдауымен жыл сайын ұйымдастырылып келеді. Олимпиаданың мақсаты – оқушылардың география мен қоршаған орта мәселелеріне қызығушылығын арттыру және халықаралық ынтымақтастықты дамыту. Қазақстан бұл олимпиадаға 2012 жылдан бері тұрақты түрде қатысып келеді. 2024 жылы еліміздің құрамасы бір күміс және үш қола медаль жеңіп алды.

Фото: ҚР Оқу-ағарту министрлігінің ресми сайтынан