Теміртауда өткен бос жұмыс орындары жәрмеңкесінде 30 адам тұрақты жұмысқа орналасты

Теміртауда өткен бос жұмыс орындары жәрмеңкесінде 30 адам тұрақты жұмысқа орналасты

Теміртау қаласында өткен бос жұмыс орындары жәрмеңкесінің нәтижесінде 30 адам тұрақты жұмысқа жолдама алды. Жалпы іс-шараға 150-ге жуық жұмыс іздеуші қатысты.

Жәрмеңкеге өңірдегі түрлі салада жұмыс істейтін 25 кәсіпорын қатысып, 250-ден астам бос жұмыс орнын ұсынды. Ал Enbek.kz электрондық еңбек биржасының мәліметінше, бүгінде Теміртау қаласы бойынша 900-ге жуық бос жұмыс орны тіркелген.

Іс-шара қалалық Жастар ресурстық орталығының базасында өтті. Ұйымдастырушылар — Қарағанды облысы бойынша Еңбек мобильділігі орталығы мен Теміртау қаласының Мансап орталығы.

Жәрмеңке барысында жұмыс іздеушілер жұмыс берушілермен тікелей кездесіп, сұхбаттасу мүмкіндігіне ие болды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай ашық формат жұмыс табу үдерісін едәуір жеделдетеді. Сонымен қатар қатысушылар еңбекпен қамту бағдарламалары мен азаматтарға көрсетілетін мемлекеттік қолдау шаралары туралы кеңірек ақпарат алды.

Жәрмеңке қорытындысы бойынша 30 адамға жұмысқа жолдама берілді. Олардың қатарында пробация қызметінде есепте тұрған азаматтар да бар.

Бұған қоса, бос жұмыс орындарының тағы бір жәрмеңкесі Балқаш қаласына қарасты Торанғалық ауылында ұйымдастырылды.

Оны Балқаш қалалық Мансап орталығы өткізді.

Мұнда да қатысушыларға өзекті бос жұмыс орындары ұсынылып, 2024–2029 жылдарға арналған Қазақстан Республикасының еңбек нарығын дамыту тұжырымдамасының негізгі бағыттары түсіндірілді. Жәрмеңке нәтижесінде үш азамат тұрақты жұмысқа жолдама алды.

Аталған барлық іс-шаралар «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында өткізілді.