Бұқар жырау ауданында «Жасыл ел» еңбек жасағының жастары тыл еңбеккерлері Анатолий мен Раиса Леоненколарға көмек көрсетті. Олар үйдің сыртын әктеп, терезелерін жуып, ауланы тазалап, бау-бақша жұмысын да бірге атқарды.
– Біз үшін бұл – үлкен қуаныш, – дейді Раиса Ивановна. – Қазір ешкім жайдан-жай келіп, осылай көмектеспейді. Ал бұл балалар келіп, бәрін тындырып берді. Енді ауламыз тап-таза, көңілге жайлылық сыйлайды. Шын жүректен алғысымызды айтамыз.
Анатолий Викторович 91 жаста, Раиса Ивановна – 89-да. Екеуі де өмір бойы Ботақара ауылында тұрып, еңбек еткен: отағасы көлік жүргізуші болып қызмет атқарған, ал жары аудандық ауруханада рентген-лаборант болған. Соғыс жылдарында олар жас болса да, басқа қатарластары сияқты ерте есейіп, тылда еңбек еткен. Қазір қарттар жалғыз тұрады.
– Биыл «Жасыл ел» жобасына алғаш рет қатысып жатырмын. Басында жұмыстар қиын көрінді, бірақ ұжым жақсы, бәрі бір-бірін қолдайды. Қазір екі апта өтті – енді бұл жұмыс өзіме ұнап жүр. Бүгін Раиса апай қолымды ұстап, шын жүректен алғыс айтқанда, жүрегім елжіреп кетті. Осындай сәттер үшін еңбек етуге болатынын түсіндім. Жасаған ісіміздің зая кетпегенін сезіну – өте маңызды, – дейді жасақ қатысушысы Айша Қонысбаева.
– Мұндай игі бастамалар жастардың экологиялық мәдениеті мен азаматтық жауапкершілігін арттырады. «Жасыл ел» сарбаздары үшін бұл тек маусымдық жұмыс емес, бұл – өмірлік құндылықтарды түсініп, өзгелердің жағдайына бейжай қарамауға үйрететін тәжірибе, – деді Бұқар жырау ауданы Жастар ресурстық орталығының директоры Мейірлан Қалиев.
Аудан әкімдігінің мәліметінше, жастардың мұндай көмегі жаз бойы жалғасады. «Жасыл ел» жасағы алдағы уақытта да ауылдағы жалғызбасты және егде жастағы тұрғындарға қолғабыс көрсетуді жоспарлап отыр.
Бұқар жырау ауданы әкімдігінің ақпараты бойынша