Н. В. Гоголь атындағы Қарағанды облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында көрнекті ғалым, академик, республикалық Qazaq club-тың алғашқы Құрметті төрағасы Темірғали Көкетайдың есімімен аталған рухани мұраны сақтау және насихаттау орталығы ашылды.
Ашылу салтанатында Темірғали Көкетайдың өмірі мен ғылыми мұрасы жайлы бейнесюжет көрсетіліп, орталықтың негізгі мақсаттары мен болашақтағы жоспарлары таныстырылды.
Игі бастама республикалық Qazaq club тарапынан көтерілген. Жаңадан құрылған орталық «Ұлттық күнтізбе», «Тәуелсіздік таспасы» сияқты маңызды жобаларды кеңінен таныстырып, Qazaq club қолға алған өзге де бастамаларды ілгерілетуге арналмақ. Сонымен қатар ұлттық рухани құндылықтарды сақтап, көпшілікке дәріптеуге бағытталған іс-шаралар тұрақты түрде өткізіліп тұрады.
Клуб жетекшісі Нұржан Сұршаұлы орталық алаңында жүзеге асырылатын жаңа жобалар мен алда болатын тұсаукесерлер туралы кеңінен айтып берді.
Айта кетейік, бүгінде «Ұлттық күнтізбе» жобасы Қарағанды облысындағы 417 мектеп, 54 колледж және 200 балабақшада енгізілген.
Тарихшы Темірғали Аршабектің айтуынша, қазіргі таңда облыстық архивте академиктің ғылыми еңбектері цифрландырылып, бірыңғай мәліметтер базасына енгізілген. Сонымен бірге Темірғали Көкетай атындағы арнайы ғылыми қор ашу жоспарда бар.
– Бұл бастама жастардың академиктің мұрасына терең бойлап, оның ғылымға қосқан өлшеусіз үлесін тануына жол ашады. Темірғали Көкетайдың басты ғылыми бағыты – қатты денелердің эксперименттік физикасы болды, – дейді тарихшы.
Болашақта осындай рухани мұраны сақтау және насихаттау орталықтары Астана мен Алматыдағы ұлттық кітапханалар жанынан да ашылады деп жоспарлануда. Оларға Абылай хан мен Мөде қағанның есімдері беріледі.