Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев елді мекенге кезекті рет келіп, жүзеге асып жатқан инфрақұрылымдық жобалардың барысын өз көзімен тексерді. Мұнда тұрғындар жаңа су құбырына қосылып, кәріз желілері қайта салынып жатыр. Жұмыстарды облыс әкімінің тапсырмасымен құрылған жедел штаб қадағалауда.
Ауыл тұрғындары су тапшылығы мен құбырлардың сапасына қатысты шағым түсіргеннен кейін Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы (ГАСК) арнайы тексеріс жүргізіп, нәтижесін облыс басшысына баяндады.
Доскей ауылындағы су құбырының құрылысы «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында өткен жылы аяқталған болатын. Қазіргі таңда мыңға жуық абоненттің жартысы жүйеге қосылып үлгерген. Қалғандарын қайта қосу жұмыстары жалғасып жатыр.
Су тапшылығын шешу үшін қосымша шаралар қабылданды.
– Қазір үш ұңғыма жұмыс істеп тұр, сыйымдылығы 300 текше метр болатын екі резервуар бар. Алайда жаз мезгілінде су тұтыну артады, тұрғындар бақшаларын суарады. Осыған байланысты тағы екі жаңа ұңғыма қазылып, қосымша 500 текше метрлік резервуардың құрылысы басталды. Бұл Доскей ауылын үздіксіз сумен қамтуға мүмкіндік береді, – деді Бұқар жырау ауданының әкімі Ерлан Құсайын.
Сонымен қатар, ауылда жаңа сорғы станциясы салынып, ескі су сорғылары жаңасына ауыстырылды. Су жүйесін әрі қарай тиімді басқару үшін ол «Ботақара Су Қожалығы» КМК балансына беріледі.
Доскейдегі кәріз желілері алғаш рет 1980-жылдары салынған, қазір әбден ескірген. Сол себепті жаңа желілерді тарту туралы шешім қабылданған. Құрылыс жұмыстары былтыр басталып, биыл толығымен аяқталуы тиіс. Облыс басшысына жұмыстың кестеге сай жүріп жатқаны баяндалды – бүгінгі таңда оның 60 пайызы орындалған. Бес көшеде құбырлар толығымен тартылып бітсе, тағы алты көшеде жұмыс жалғасуда. Қақпақтар да жаңартылып жатыр: композитті люктер шойыннан жасалған берік нұсқаларға ауыстырылуда.
– Бүгін Доскей ауылына тағы да келіп, тұрғындарға берген уәдемді орындадым. Су жетіспеушілігі мен жұмыс сапасына қатысты бірқатар сын-ескертпелер болған еді. Барлығын қайта қарап, мердігерлердің жұмысын дұрыстағанын байқадық. Дегенмен, әлі де шешімін қажет ететін мәселелер бар. Кейбір қиындықтар жобалық құжаттамада кеткен қателіктерден туындаған. Бұл бағытта қосымша шаралар қабылданып, мәселе толық шешіледі, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.
Инфрақұрылым толықтай жаңартылғаннан кейін, «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында ауылішілік жолдарды асфальттау жоспарланып отыр.