28 шілдеден бастап Қарағанды облысында «Үздік педагог – 2025» республикалық байқауының облыстық кезеңі өтеді. Іріктеу кезеңі 15 тамызға дейін жалғасады.
Байқауға қатысу үшін үміткерлер өтінімдерін электронды форматта «Үздік ұстаз» платформасы арқылы тапсырады: https://uzdikustaz-nobd.edu.kz/#/sign-in?redirectURL=%2Fsettings. Конкурсқа мемлекеттік және жекеменшік білім беру ұйымдарында жұмыс істейтін, үздіксіз педагогикалық өтілі кемінде бес жылды құрайтын мұғалімдер қатыса алады.
Құжаттарды қабылдау мерзімі – 28 шілдеден 5 тамызға дейін. Осыдан кейін арнайы құрылған комиссия қатысушылардың материалдарын қарап, облыстық кезеңнің жеңімпаздарын анықтайды. Ең жоғары балл жинаған он педагог республикалық кезеңге жолдама алады.
Байқаудың негізгі мақсаты – педагог мамандығының беделін арттырып, ұстаздардың қоғамдағы маңызды рөліне назар аудару. ҚР Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, жеңімпаздарды анықтау кезінде бірнеше маңызды критерий ескеріледі: педагогтің білім беру жүйесін дамытуға қосқан үлесі, оның кәсіби шеберлігі, оқу-тәрбие процесіндегі тиімділігі мен нәтижелілігі, сондай-ақ оқытудағы заманауи және инновациялық тәсілдерді қолдануы.
Биыл «Үздік педагог» атағына ие болған ұстаздарға 1000 айлық есептік көрсеткіш көлемінде – шамамен 4 миллион теңге мөлшерінде мемлекеттік сыйақы табысталады.