Қарағанды облысы индустриялық-инновациялық даму индексі бойынша Қазақстанда көш бастады

Қарағанды облысы индустриялық-инновациялық даму индексі бойынша Қазақстанда көш бастады

Қазақстан өңірлерінің индустриялық-инновациялық дамуы бойынша алғашқы жиынтық индекс жарияланды. Қорытындыға сәйкес, барлық негізгі көрсеткіштер бойынша теңгерімді әрі тұрақты өсім көрсеткен Қарағанды облысы көшбасшы атанды. Бұл нәтижеге ең алдымен өңдеу өнеркәсібінің қарқынды дамуы мен орта технологиялық өнімдер экспортының ұлғаюы ықпал еткен.

Индекс Ұлттық статистика бюросының ресми мәліметтері негізінде есептелген. Аталған ведомство 2025 жылдың қаңтар–маусым айларына арналған «Қазақстан Республикасының индустриялық-инновациялық даму көрсеткіштері» жинағын жариялаған болатын.

Қарағанды облысы еліміздің үздік бестігіне енген өңірлердің қатарында бірінші орынды иеленді. Одан кейінгі орындарда – Астана қаласы, Қызылорда, Түркістан және Маңғыстау облыстары.

– Индекстегі алдыңғы қатарлы өңірлер – бұл өсімді тек шикізат өндірумен емес, инвестициялар тарту, технологиялық экспорт көлемін арттыру және еңбек өнімділігін көтеру арқылы қамтамасыз етіп отырған аймақтар, – дейді зерттеу авторлары. – Бұл индекс индустрияландырудың сан емес, сапа жағынан бағалануы қажет екенін көрсетеді. Көшбасшы өңірлер саналы өсімді қамтамасыз етіп отыр – олар тек қазба байлыққа иек артпай, технологияларға қаржы салып, күрделі өнімдер шығарып, өндіріс тиімділігін арттыруда. Мұндай тәсіл – ертеңгі өнеркәсіптік экономикаға бастар жолдың нақты үлгісі.

Индекс тек индустрияландыру жетістіктерін бағалап қана қоймай, елімізде жүргізіліп жатқан инновациялық мемлекеттік саясаттың тиімділігін саралауға мүмкіндік береді.