Qarqaraly Buguly Trail: Қарқаралыда өткен республикалық марафон 600-ден астам адамды жинады

Qarqaraly Buguly Trail: Қарқаралыда өткен республикалық марафон 600-ден астам адамды жинады

Қарқаралыда республикалық Qarqaraly Buguly Trail трейл-марафоны жоғары деңгейде өтті. Үш күнге созылған ауқымды спорттық шараға еліміздің түкпір-түкпірінен 600-ден астам адам қатысты. Сонымен қатар, Ресей мен Испаниядан келген жеті шетелдік қатысушы да жарыс жолына шықты. 

Марафон кәсіби спортшыларға ғана емес, сондай-ақ балаларға, ерекше қажеттіліктері бар жандар мен олардың ата-аналарына да арналған инклюзивті сипатымен ерекшеленді.

Қатысушыларға ұзындығы әртүрлі бес қашықтық ұсынылды — 1, 5, 10, 21 және 50 шақырым.

Ең ұзақ 50 шақырымдық қашықтықта Алматыдан келген әскери қызметкер, 36 жастағы Руслан Оразов топ жарды.

– 50 шақырымды артта қалдырдым. Жарыстың алғашқы бөлігінде испан спортшысы алда келе жатты. 40-шы шақырымнан кейін оны басып озуға мүмкіндік туды. Мәре сызығын 4 сағат 30 минутта кесіп өттім. Бұл – менің өмірімдегі екінші трейл-марафоным, – деп бөлісті жеңімпаз.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге медальдар, дипломдар, қаржылай сыйақылар және арнайы сертификаттар табысталды.

Марафон Қарқаралы тұрғындары мен қонақтары үшін нағыз спорттық-мәдени мерекеге айналды. 

Алғашқы күні қала орталығындағы алаңда жергілікті өнерпаздар мен эстрада жұлдыздарының қатысуымен ашық аспан астында концерт өтті. 

Кештің хедлайнері — танымал әнші Қайрат Түнтеков болды. Музыкалық бағдарлама әсерлі отшашумен аяқталды. 

Қатысушылар үшін сонымен қатар «Мұражайдағы түн» атты мәдени шара ұйымдастырылды.

Qarqaraly Buguly Trail алғаш рет 2023 жылы өткен.

Ол кезде қатысушылар Бұғылы тауының шыңына көтеріліп, көркем Шайтанкөл көліне дейін жеткен.

Бірінші жарысқа 180 адам қатысып, жеңіс Санкт-Петербургтен келген спортшыға бұйырған болатын.

Марафонның негізін қалаушы – спорт энтузиасты, ұйымдастырушы Думан Бейсенай.

Табиғат аясындағы жүгіруді ұлттық туризммен, экологиямен және салауатты өмір салтымен үйлестіретін бұл марафон бүгінде Қарқаралының спорттық брендіне айналып келеді.